Ауланы баққа айналдырған ақсақал
Алматылық зейнеткер көпқабатты үйдің ауласын нағыз ботаникалық баққа айналдырды. Владимир Стариков 15 жылдан бері аумақты өз күшімен абаттандырып келеді.
Қазір мұнда өсімдіктің 300-ден аса түрі өседі. Ал ерекше мүсіндер мен инсталляциялардың басым бөлігі қайта өңделген тұрмыстық қалдықтардан жасалған.
Владимир Стариков жыл сайын ауласын күтіп-баптауға өз қалтасынан шамамен 700 мың теңге жұмсайды. Бұл қаржы көшет алуға, түрлі композициялар жасауға және аумақты көркейтуге кетеді. Аулада шамгүлдері, жайқалған шағын тоғандар мен түрлі ертегі мүсіндері орналасқан. Зейнеткер барлығын өз қолымен жасап шыққан.
Владимир Стариков, қала тұрғыны:
- Неге біз Англиядағы немесе Франциядағы адамдардан кем болуымыз керек. Еш жеріміз кем емес. Қаламыз да олардың қаласынан кем түспейді, тіпті одан да көрікті бола алады. Ол үшін туған жеріңді және өз қалаңды жақсы көру керек.
Жетісу ауданындағы ерекше аула бірнеше рет қаладағы үздіктер қатарынан көрінді. Ертегідей мекенді көргісі келетіндердің де қарасы қалың. Ал тұрғындар арасында «Көшесін көріп, иесін таны» деген сөз де осы аулаға арнап айтылған ба дерсің. Себебі мұндағы әрбір өсімдік пен мүсін ұқыптылық пен жанашырлықты талап етеді.
Галина Тараканова, қала тұрғыны:
- Мұнда туристер де, шетелдіктер де көп келеді. Зейнеткер адамның өз ауласын осылай көркейтіп жүргеніне барлығы таң қалып, риза болады.
Бір адамның бастамасы бүгінде көпшіліктің сүйікті орнына айналған. Владимир Стариков алдағы уақытта да ауласын жаңа өсімдіктермен толықтырып, ерекше композициялар жасауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Индира Уңгарбаева, Сержан Жұмабаев