Қайтарылған активтер есебінен Қызылордада жаңа емхана салынады
Қызылорда қаласында қайтарылған заңсыз активтер есебінен жаңа емхана бой көтереді. Президент тапсырмасымен салынатын нысанға 6,5 млрд теңге жұмсалмақ.
Қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан бөлініп, құрылыс пен медициналық жабдықтарды сатып алуға бағытталады. Жаңа емхана қаланың теміржолдың арғы бетіндегі тұрғындарына қызмет көрсетіп, бір ауысымда 400-ге жуық емделушіні қабылдауға қауқарлы. Медициналық мекеме 35 мыңнан астам тұрғынды алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтиды. Емхана компьютерлік томограф, заманауи ультра дыбыстық зерттеу және рентген аппараттары сияқты озық техникамен жабдықталады. Қазір нысанда шатыр плиталарын бетондау және ішкі қабырғаларды қалау жұмыстары жүріп жатыр. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Алмас Әбілпатта, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Медициналық нысан заманауи техникамен толық қамтамасыз етіледі. 128 кескінді томограф, 4 УДЗ аппараты, рентген аппараты. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. 3-қабаттың іргетасын өру жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысшылар барлық техникамен қамтылған. Техниканың барлығы осында жұмылдырылды. Нысан жыл соңында беріледі. Мұнда 300 медициналық қызметкер жұмыс жасайтын болады.