Астанадан Ыстанбұлға дейін көлікпен: Қазақстандық отбасы 5 мың шақырымнан аса жол жүріп, Түркияға қалай жетті?

Фото: Уразбаевтар отбасының жеке мұрағатынан

«Бір күні жаңа көлік алып, отбасымызбен алыс сапарға шығамыз» деген арман шындыққа айналды. Астаналық Уразбаевтар отбасы көлікпен 5 мың шақырымға жуық жол жүріп, Қазақстаннан Түркияға дейін жетті. Олар бірнеше елді кесіп өтіп, жаңа жерлер көріп, жол бойында ерекше әсерге толы сәттерді бастан өткерді. Отбасы анасы Самал Уразбаева бұл сапардың қалай басталғанын, қанша қаражат кеткенін және осындай ұзақ жолға шығатындарға қандай кеңес беретінін айтып берді.

Бәрі бір арманнан басталған еді

Самалдың айтуынша, бұл сапар аяқ астынан қабылданған шешім емес. Оның бастауы бірнеше жыл бұрын жолдасының арманынан басталған.

Жолдасым екеуміз кездесіп жүрген кезде-ақ: «Ертең шаңырақ көтеріп, бала-шағалы болғанда жаңа көлік алып, отбасымызбен автосаяхат жасап жүреміз» деп айтатын. Сол сөзі есімде қалыпты. Кейін бұл арманымыз біртіндеп жүзеге аса бастады, — дейді Самал.

2024 жылы отбасы жаңа көлік алып, алғашқы сапарларын бастады. Олар Өзбекстанға барып, Ташкент пен Самарқандты аралаған.
Ал былтыр Қазақстан ішінде саяхаттап, Алакөл, Талдықорған, Қапшағай, Балқаш бағыттарын бағындырған.

Биыл қыстан бастап жолдасым Түркияға көлікпен баруды жоспарлай бастады. Басында ұзақ жол сияқты көрінді. Бірақ дайындалып, бағытты зерттеп, ақыры жолға шықтық, — дейді ол.


Астанадан Аланьяға дейін: алты күндік жол

Уразбаевтар отбасы сапарын Астанадан бастады. Олардың бағыты:
Астана → Қостанай → Ақтөбе → Грозный → Кутаиси → Батуми → Каппадокия → Аланья → Ыстанбұл

Алғашқы күні Қостанайға жетіп қондық. Кейін Ақтөбеге бардық. Одан соң Ресей арқылы Грозныйға, кейін Грузияның Кутаиси қаласына өттік. Батумиде Қара теңізге тоқтап, демалып алдық. Кейін Түркияға өтіп, Каппадокияға бардық. Ал алтыншы күні Аланьяға жеттік, — дейді саяхатшы ана.

Жол барысында отбасы бірнеше елдің аумағын басып өтті. Ресейде Шешенстан, Дағыстан, Солтүстік Осетия бағыттарынан өтіп, Грузия арқылы Түркияға кірген.

Ресей мен Грузия арасындағы «Жоғарғы Ларс» шекара бекеті көп саяхатшы үшін қиын нүкте саналатынын естіген отбасы алдын ала дайындалған.

 Әлеуметтік желіден «бір тәулік күтіп қалдық» дегендерді оқығанбыз. Сондықтан тамақ, көрпе, палатка алып шықтық. Бірақ біз ойлағандай қиын болмады. Шекарадан шамамен 40 минутта өттік, — дейді Самал.

Ең қиыны — жол емес, тіл болды

Отбасының айтуынша, ұзақ жолдың өзі аса қиын болмаған.

 Жол бойында жанармай бекеттері бар. Кофе, шай ішуге, демалуға, қажеттіліктерді өтеуге жағдай жасалған. Көлікпен жүруге болады. Бізге қиынырақ болғаны — тіл мәселесі, — дейді ол.

Қазақстаннан барған қазақ және орыс тілінде сөйлейтін отбасы Түркияға алғаш келгенде тілдік кедергіні бастан өткерген.

Мұнда келгенде жергілікті тұрғындар бізбен түрік және ағылшын тілдерінде сөйлесті. Ал біз оларды толық түсіне алмадық. Біреу сізге қарап бір нәрсе айтып тұр, бірақ оның не айтқанын ұқпайсыз. Сондай қызық жағдайлар көп болды. Абырой болғанда, үлкен ұлым ағылшын тілін білетін. Көп жағдайда бізге аударып, көмектесіп жүрді, — дейді Самал күліп.

Қонақүйден бас тартып, апартамент таңдадық

Отбасы Түркияға алдын ала қонақүй брондамай барған.

Барған адамдардан сұрағанда, «орын табылады» деген еді. Бірақ біз барған кезде демалыс маусымы қызған кез екен. Бірнеше қонақүйге кірдік, бірақ бос орын болмады, — дейді ол.

Самал мен жолдасы үш баласымен бірге жүрген. Екі баласы 12 жастан асқандықтан, кей қонақүйлер оларды ересек адам ретінде есептеген.

Сонда баға біз ойлағаннан әлдеқайда қымбат болып шықты. Бір адамның тамағына  шамамен 100 еуро сұрады. Бес адамға 500 еуро болатын еді. Сондықтан пәтер жалдауды таңдадық, — дейді ол.

Нәтижесінде отбасы үш күнге 240 мың теңгеге кең әрі жайлы апартамент тапқан.

Ең қызығы, ол бес жұлдызды қонақүйдің жанындағы пәтер болып шықты. Балаларымыз үлкен бассейнге түсіп, қатты қуанды,

Самалдың айтуынша, пәтер жалдау отбасыға еркіндік берген.

Қонақүйде тамақ уақытына байланып қаласың. Ал біз Түркияға тек демалу үшін емес, жергілікті жерді көру үшін бардық. Сондықтан апартамент бізге ыңғайлы болды. Таңғы асты өзім дайындадым, ал түскі және кешкі асты интернеттегі пікірлерге қарап кафелерден іштік.


5 мың шақырымдық сапар қаншаға түсті?

Отбасы сапар шығынын әлі толық есептеп бітірмеген. Себебі олар Ыстанбұлдан кейін кері қайтуды жоспарлап отыр.

Алайда Астанадан шығып, Аланьяға дейінгі жолға шамамен 1100000–1200000 теңге жұмсаған.

Бұл қаржыға жанармай, тамақ және жол шығындары кірген.

Ең үлкен шығын бензин болды. Ресей мен Түркияда жанармай қымбат. Бір литрі шамамен 600–700 теңге болды. Ресейдің кей жерлерінде жанармай табу қиынға түсті. Кей бекеттерде таблода 0 көрсетіп тұрды. Уайымдадық. Бірақ таптық,  — дейді Самал.

Отбасы жолға шығарда Ресей үшін рубль, кейін аздаған АҚШ долларын алған. Қалғанын банк картасы арқылы төлейміз деп түйген. Бірақ...

Картаға толық сеніп шықпаған дұрыс екен. Кей жерлерде комиссия ұсталады. Мысалы, Түркияда пәтерге банк аудармасы  арқылы төлегенде қосымша комиссия шықты. Сол үшін шамамен 20 мың теңгедей артық төледік. Келер жолы ақшаны доллармен алар едім, — дейді ол. 


Каппадокияның құпиясы, Аланьяның теңізі, Ыстанбұлдың тынысы

Уразбаевтар отбасы үшін бұл сапар тек ұзақ жол емес, әр қаладан жаңа әсер жинаған ерекше саяхат болды.
Түркияға жеткен соң олар бірнеше күн Аланьяда аялдап, Жерорта теңізінің жағасында демалды. Балаларымен бірге теңізге түсіп, күнге қыздырынып, ұзақ жолдан кейін күш жинады.

 Аланьяда демалған күндеріміз ерекше өтті. Балалардың теңізге қуанып түскенін көру біз үшін үлкен қуаныш болды, — дейді Самал.

Сапар барысында отбасы Түркияның тарихи әрі табиғи орындарын аралады. Каппадокияда көне Деринкую (Терең құдық)  жер асты қаласына барып, мыңдаған жыл бұрын адамдардың жер астында қалай өмір сүргенін көрді.

 Жер астындағы қаланы көру бізге үлкен әсер қалдырды. Адамдардың соншалықты күрделі орындарда өмір сүргеніне таңғалдық, — дейді ол.

Сондай-ақ отбасы табиғи көркімен әлемге әйгілі Памуккалеге де барды.
Ал қазір саяхатшылар сапарын Ыстанбұлда жалғастырып жатыр. Босфор бұғазының жағасында таңғы ас ішіп отырған отбасы алдағы күндері қаланың тарихи орындарын аралап, көне шаһардың көрікті жерлерін көруді жоспарлап отыр.


Қорықпай жолға шығуға болады

Ұзақ сапарға шыққысы келетін қазақстандықтарға Самал ең бастысы — қорықпау керектігін айтады.

Біздің жолымызда жақсы адамдар көп кезікті. Олар ұлтқа, дінге бөлінбейді екен. Әйтеуір, жақсы адамдар көп екеніне көз жеткіздік. Әсіресе түріктердің қазақтарға деген ықыласын ерекше атап өткім келеді. Бізге жылы қарым-қатынас танытты, — дейді ол.

Отбасы бұл сапарды тағы қайталауға дайын екенін жасырмайды.

Егер қайта шықсақ, кейбір нәрселерді алдын ала жақсырақ жоспарлар едік. Бірақ ең бастысы — бірге өткізген уақыт. Балаларымызбен осындай естеліктер қалдырғанымыз біз үшін өте маңызды.

Самалдың айтуынша, автосаяхаттың ең үлкен сыйы — барған жер ғана емес, жолдың өзі.

 Кейде адамдар «ұзақ жол қиын емес пе?» деп сұрайды. Әрине, қиындықтары бар. Бірақ сол жолда көргендерің, сезінгендерің, отбасыңмен бірге өткізген сәттерің бәрінен қымбат, — дейді ол.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз