Қарулы күштер қатарында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді меңгерген мамандар көбейіп келеді

Алматы облысында дрондарды басқару курсынан өткен әскерилер сынақ тапсырды. Олар 40 күн бойы ұшқышсыз аппараттарды басқарудан бастап, оларды құрастыру мен іске қосуды меңгерді.

Оқу курсына елдің әр өңірінен келген 33 әскери қызметші қатысты. Алғашқыда мамандар теориялық сабақтан өтті. Одан кейін арнайы симуляторда жаттықты. Бір айдың ішінде 5 және 10 дюймдік FPV дрондарын басқаруды үйренді. Бұл аппараттар бағытын жылдам өзгерте алу қабілетімен ерекшеленеді. Сол себепті оператордан ерекше дайындықты талап етеді.

Елдос Масғұтов, ҚР ҚМ бітімгершілік операциялар орталығының нұсқаушы-сержанты:

- Бұл FPV дрондары арнайы дайындықты талап етеді. Өйткені олар DJI дрондарымен салыстырғанда әлдеқайда күрделі болып келеді. Оларды жауынгерлік дайындық мақсатында және жаңа қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жеткізу мақсатында қолдануға болады.

Бағдарлама аясында әскерилер дронды бірнеше мақсатта қолдануды үйренді. Соның ішінде ұшу аппараты көмегімен жүк жеткізу де бар. Мамандардың айтуынша, бұл мақсаттағы кейбір дрондар 40 келіге дейінгі жүкті тасымалдай алады.

Данияр Ділдабаев, ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелерінің мамандарын даярлау әскери мектебінің басшысы:

- Осы оқу кезеңінде мамандар FPV дрондарын қолдануды үйренді және ұшқышсыз ұшу аппараты «Скайларк» және материалдық-техникалық заттарды тасымалдау дроны «Агр-155» аппаратын ұшуды үйренді.

Бұл жерде білім алған әскери қызметшілер кейін өз бөлімдеріне оралады. Онда олар жаңадан құрылып жатқан ұшқышсыз авиациялық жүйелер роталарында қызмет етеді. Мұнда алған білімін өзге сарбаздарға үйретіп, жаңа мамандарды даярлауға атсалысады. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Эдуард Кон