Оралда теміржол бекеті қайта жаңғыртылды
Қайта жаңғыртудан кейін Орал теміржол вокзалы бүгін жолаушыларға есігін айқара ашты. 1983 жылы салынған ғимаратты жаңартуға 5,2 миллиард теңге жұмсалған.
Жалпы өңірде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 4 теміржол бекеті жаңартылып, жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды.
Орал теміржол вокзалымен күніне мың жарым жолаушы сапар шегеді, ондаған пойыз өтеді. Осыдан 43 жыл бұрын салынған ғимарат әбден тозған еді. Енді мүлде жаңа кейіпке енді. Күту залдары жасақталып, жаңа ақпараттық және навигациялық жүйелер іске қосылды. Бұрын жолаушылар ауыр жүктерін арқалап, перронға жерасты өткелімен не көпірмен шығатын. Енді 4 эскалатор, 3 жеделсаты орнатылды. Барлық инженерлік инфрақұрылым желілері толықтай жаңартылды. Айтулы оқиғамен тұрғындарды облыс әкімі құттықтады.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңіріміздегі 4 теміржол вокзалын қайта жаңарту жұмыстары қарқын алды. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджет қаржысы есебінен 7,6 млрд теңге жұмсалды. Бүгінде барлық нысанда құрылыс сәтті аяқталып, маңызы зор Орал теміржол вокзалын халық игілігіне беруге жиналып отырмыз.
Ел экономикасының дамуында теміржол саласының рөлі ерекше. Өткен жылы өңірде теміржол қызметін 506 мың жолаушы пайдаланған. Бұл бұрынғыдан екі есе жоғары. Жүк тасымалы да айтарлықтай артып, 5 миллион тоннадан асыпты.
Марат Есқалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарушы директоры:
- Бұрын Орал вокзалына тек ағымдағы жөндеу жасалып келді. Бұл жолы ғимараттың іргетасы мен қаңқасы ғана қалды. Басқасын жаңадан жасадық. Жолаушылардың қауіпсіздігі басты назарда. Сол себепті перронға шығатын конкорстық өткел салдық. Құрылысты жергілікті компания атқарды.
Тамыздың алғашқы жексенбісі - теміржолшылар күні. Бүгінгі салтанатты шараға қатысқан Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев әріптестерін марапаттады.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов