Павлодарда инженерлік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту жұмыстары басталды
Қаладағы құбыр желісі ауыстырылып, жолдар мен ескі үйлердің қасбеті жөнделіп жатыр. Жаңадан ашылған шағын саябақтар да бар. Дегенмен, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында әлі де шешімін күткен мәселе аз емес.
Қаладағы 783 шақырым жылу желілерінің 84 пайызы тозған еді. Бұл коммуналдық саладағы өзекті мәселелердің бірі болатын. Соңғы төрт жылда 170 шақырым ескі құбыр жаңартылды. Жолдарға асфальт төселіп, тұрғын үйлердің қасбеті жаңғыртылып, үй аулалары абаттандырылып жатыр.
Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Орташа жөндеу жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын 23 магистральдық көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді және де 100 ауланы, 12 білім беру ұйымының және 8 медициналық ұйымның аумақтарын асфальттау жұмыстары жүрігізілуде. Ұзындығы 8,5 шақырымды құрайтын 10 учаскеде тротуарды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінде 7 учаскедегі жұмыстар толықтай аяқталды.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары да жүріп жатыр. Шағын скверлер салу тәжірибесі кеңінен қолданысқа енді. Көпқабатты үйлердің маңындағы бос жатқан аумақтар кәдеге асуда. Қалада төрт жылда 38 сквер абаттандырылды. Биыл 15 шағын демалыс аумағындағы құрылыс аяқталады. Реновация жобасы аясында Лермонтов атындағы көше толық кешенді жаңартудан өтті.
Темкеш Бакелов , қала тұрғыны:
- Қала ұнайды, әдемілеп істеді бәрін. Әдемі қала, мен басқа қалаларда болғам мына Лермонтов көшесі жөнделіп, жақсы болды.
Биыл көпқабатты үйлердің ауласында 50 ойын алаңын орнату жоспары бар. Жаңғырту жұмыстары әлеуметтік нысандарды да қамтып отыр. Алғаш рет балабақшалардың ойын алаңдары да жаңартылуда.
Гүлмайра Медиева, қалалық Білім беру бөлімі басшысының орынбасары:
- Павлодар қаласында 74 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның жетеуінде балалар ойын алаңдары бар. Ал қалған 67 балабақшада жаңа ойын алаңдарын орнату жоспарланған. Қазіргі таңда осы бағыттағы үш жылдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 15 мектепке дейінгі ұйымда құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Ойын алаңдарын жаңарту аясында көлеңкелі шатырлар орнатылып, тартан жабыны төселеді. Мамандардың айуынша бұл – тек Павлодар өңірінде ғана емес, республика бойынша жүзеге асып жатқан бірегей жоба.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Реновация аясында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Жоспарланған жобалар жыл соңына дейін толық жүзеге асса, Павлодар заманауи, жайлы әрі қолайлы қалаға айналары сөзсіз.Мұның бәрі ең алдымен тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталған оң өзгерістер.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков