Ақтөбеде 2 миллион теңге бопсалады деген күдікпен үш адам ұсталды

сурет: Ақтөбе облысы полиция департаменті

Ақтөбеде бірнеше адамның қорқыту арқылы өзінен 2 миллион теңге талап еткені жөнінде жас жігіт құқық қорғау органдарына арызданған. Аталған дерек бойынша үш күдікті ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілердің жеке басы анықталып, үш жас жігіт полиция бөліміне жеткізілді.

Алдын ала мәліметке сәйкес, күдіктілер 2025 жылдың соңында жәбірленушінің ұялы телефонын иемденіп алған. Кейін одан қосымша 2 миллион теңге талап еткен.

Ақшаны беру кезінде күдіктілер полиция қызметкерлерінің қолына қылмыс үстінде түсті.

Аталған дерек бойынша бопсалау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ күдіктілердің бірінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген санкцияланған тінту барысында травматикалық тапанша, пышақ және 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшылық мылтыққа арналған бір оқ-дәрі тәркіленді. Бұл заттарға қатысты тиісті сараптамалар тағайындалып, нәтижесіне қарай құқықтық баға берілмек.

Полиция департаменті азаматтарға бопсалау, қорқыту немесе ақша мен мүлікті мәжбүрлеп талап ету фактілеріне тап болған жағдайда, уақыт оздырмай полицияға жүгінуге кеңес береді.