«Іле-Балқаш» резерватында жолбарыс жүр

70 жылдан кейінгі тарихи оралу. Қазақстанның жабайы табиғатына алғаш рет амур жолбарысы жіберілді. Енді «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Үміт есімді аналық жолбарыс мекендейді.

Бұл – елімізде жойылып кеткен жыртқышты тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағдарламасының алғашқы кезеңі.

Жолбарыстар үшін Іле өзенінің аңғары мен Оңтүстік Балқаш өңірі бекер таңдалмаған. Бір кездері бұл аумақ Тұран жолбарысының негізгі мекен еткен аймағы болған. Алайда тоғайлы ормандардың тозуы, қорек қорының азаюы және заңсыз аңшылық салдарынан бұл жыртқыш өңірден біржола жойылды. Енді ғалымдар осы олқылықты амур жолбарысы арқылы қайта қалпына келтіруді көздеп отыр.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Ресейде жүрген жерлерінен осы рельефте климаттық айырмашылығы бар. Бірақ бұл жер де тарихи жолбарыстың жүрген жерлері. Бүгін Қазақстан үшін тарихи күн. Тұран жолбарысының популияциясын қалпына келтіру жұмысының алғашқы сәті деп айтсақ болады.

Жолбарыстарды жерсіндіру жобасы 35 жылға жоспарланған. Биыл мамыр айында Қазақстанға Ресейден төрт амур жолбарысы әкелінген болатын. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи қорық аумағы кеңейтіліп, жолбарыстарға азық болатын жануарлардың саны көбейтілді. «Алтын емел» қорығынан 219 бас бұғы, 100-ден астам құлан әкелінді. Сонымен қатар бейімдеу вольерлері салынып, тұяқтылардың жағдайын үздіксіз қадағалайтын ғылыми мониторинг жүйесі іске қосылды.

Константин Чуйченко, РФ Әділет министрі «Амур жолбарысы» орталығы бақылау кеңесінің төрағасы:

- Меніңше, бұл – ғылыми тұрғыдан жан-жақты негізделген әрі өте ауқымды жұмыс. Ең бастысы осындай күрделі жоба өте қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Екі ел президенттері арасындағы келісімге небәрі бір жыл бұрын қол жеткізілген еді. Ал бүгін сол уағдаластықтың маңызды кезеңін табысты аяқтап отырмыз.

Жабайы табиғатқа алғаш болып аналық жолбарыс Үміт жіберілді. Бұған дейін оған ветеринарлық тексеру жүргізіліп, өз бетінше аң аулау және табиғи ортада тіршілік ету қабілеті бойынша бірнеше сынақтан өтті. Қазір тарғылдың мойнында спутниктік қарғыбау бар. Оның жүрген бағыты тәулік бойы спутниктік жүйе және фототұзақтар арқылы бақыланады.

Қанат Қожабеков, «Іле-Балқаш» Мемлекеттік табиғи резерватының бас директоры:

- Қақтығыс тобы құрылған. Ресейге былтыр барып қайтты. Тәжірибе алды. Жолбарыстармен қалай жұмыс істеу керек, қалай ұйықтататынына дейін бәрін көріп, мамандар дайындалды. Қақтығыс тобында өздері интернетпен, дрондармен тепловизормен жабдықталған.

Ал аталық жолбарыс әзірге бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Мамандар оның сайын далаға қашан жіберілетінін қосымша бақылау нәтижелеріне қарай шешеді. Екі күшік те әзірге арнайы күтімде, кемінде бір жарым жасқа дейін ерекше бақылауда өсіріледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айбек Ақшолақов