Ақтөбе облысында қайтарылған актив қаражатына су құбыры салынады
Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан топтық су құбыры салынады. Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінді. Жоба Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағын аудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазір мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоспарға сай 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, қажетті инфрақұрылым жасақталады. Құрылыс биыл басталмақ. Ал Сарыбұлақ кен орнының барланған қоры өңірді 30 жыл бойы тұрақты сумен қамтамасыз етуге жеткілікті. Кейінгі 2 жылда Үкімет қайтарылған активтер қаражаты есебінен 610 млрд теңге болатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды көздеген. Соның дені пайдалануға берілді.
Арысұлан Айтбаев, Ақтөбе облысының Энергетика және ТҮКШ басқарма басшысы:
- Жобаны іске асыруға арнайы мемлекеттік қордан қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталады. Жоба іске қосылғаннан кейін Ақтөбе қаласына тәулігіне қосымша 25 мың текше метр ауыз су беріледі. Соның арқасында қаладағы су көздеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік туады.