Отбасылық жанжал өршіп тұр: «102»-ге 4 мыңнан астам хабарлама түсті
Жыл басынан бері Астана полициясына отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты 4 мыңнан астам хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды 24KZ.
Құқық қорғау органдары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау, қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау және оларға қажетті көмек көрсету бойынша тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Полиция мәліметінше, барлық келіп түскен хабарламалар бойынша заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Қажет болған жағдайда құқық бұзушыларға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, олардың мінез-құлқына арнайы талаптар белгіленеді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрмыстық жанжалдар бұрын тіркелген отбасыларды бақылауда ұстайды. Мамандар профилактикалық есепте тұрған азаматтарды тексеріп, қорғау шараларының орындалуын қадағалайды, сондай-ақ тәуекелдерді бағалап, тұрғындарға құқықтық көмек көрсетеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, отбасыларды аралау кезінде әлеуметтік қызметтер мен отбасыны қолдау орталықтарының жұмысын автоматтандыруға арналған цифрлық платформа пайдаланылады. Бұл жүйе мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасуды жеделдетіп, көмекке мұқтаж азаматтарға уақытылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Полиция өкілдері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасырмауға шақырады. Егер азаматтар осындай жағдайға тап болса немесе оның куәсі болса, «102» арнасына хабарласуы қажет.