2 млрд теңге: Ақмола облысында заңсыз несие рәсімдеген қылмыстық топ мүшелері сотталды

Фото: depositphotos.com

Биыл Ақмола облысының мамандандырылған прокурорлары аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топтың 21 мүшесіне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып, алдау жолымен екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан заңсыз несие рәсімдегені анықталды. Олардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан келтірілген жалпы материалдық залал шамамен 2 млрд теңгені құрады.

Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 5 тамыздағы үкімімен барлық 21 сотталушы кінәлі деп танылып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Оның ішінде Алматы қаласында орналасқан пәтерлер, сондай-ақ Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry маркалы автокөліктер және өзге де қымбат бағалы көлік құралдары бар.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз