Елімізде отбасы институтын нығайтуға көңіл бөліп жатыр

Жыл басынан Отбасын қолдау орталықтарына 30 мыңнан астам қазақстандық жүгінген.

Елімізде қазір мұндай 160 бірлестік жұмыс істейді. Тағдырдың тауқыметінен күйзеліске ұшыраған ерлі-зайыптылардың мәселесімен ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасы демографиялық саясаты жөніндегі ұлттық комиссия мамандары айналысады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға дәрігерлер, құқық қорғаушылар, психологтар кешенді көмек көрсетеді.

Отбасы құндылығы мен ана мен баланы қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты. Сондықтан елімізде өмірдік қиын жағдайға тап болғандарға қолдау көрсететін 160 орталық бар. Былтыр мамандар 44 мыңнан астам адамды қабылдап, 20 мыңға жуық отбасыға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсеткен. Мәселен, Шығыс Қазақстан әйелдер істері және отбасы демографиялық саясаты жөніндегі облыстық комиссия мамандары еңбек ұжымдарда отбасылық кездесу өткізіп, түрлі жобаларды іске асыруда. 

Сәуле Рахметуллина, ШҚО Әйелдер істері және отбасы демографиялық саясаты жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- Шығыс Қазақстан облысында отбасы саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылады және ол отбасы институтын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға, ата-ананың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл жұмыста Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіруші роль атқарады.

Өңірде болашақ аналар мектебі де бар. Ал отбасын жоспарлау репродуктология орталығынан басталады. Жақында ашылған мекеме мамандары жас келіншектерді жүктілік кезеңге дайындайды. Болашақ ата-аналарды нәресте дүниеге келгенге дейін ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсетеді. 

Зарина Камасова, ШҚО әкімінің отбасылық-гендерлік саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі:

- Біз кабинетте жиналыс өткізіп, құр сөйлесуге уақыт құртпаймыз. Халықпен тікелей жұмыс істеуге тырысамыз, жоспарымызға сай аудан аралаймыз. Әр өңірде біздің комиссияның филиалы бар. Ол жерде де белсенді мамандар жұмыс істейді. Тұрғындар да өте белсенді, біз сонда барып, олардың мәселелерін тыңдаймыз. Мұңын шағып келген жандарды білікті мамандармен жүздестіреміз. 

Ал Ақтөбеде отбасын қолдау орталықтары жанында әйелдерге арналған оқу курстары ашылған. Жаңа мамандықты игеруге ниет білдірген жандарға тегін дәріс беріледі. Мәселен, мобилография маманы Ұлболсын Серікжан 12 келіншекке заманауи кәсіптің қыр-сырын үйретті.

Ұлболсын Теміржан, кәсіпкер:

- Үйде отырған аналарға көмегі өте тиеді. Өйткені қазіргі таңда көп адам үйде отырып қалатын болса дамымайды. Дамымағаннан кейін адаммен мәміледе бола алмайды. Элементарно көп қыздар бар камераға өзін түсіре алмайды. Бізде тек қана сабақ болмайды. Бұл жерде үлкен мәміле болады.

Дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауы еліміздегі отбасы-демографиялық ахуалдың да оңға басуына септігін тигізіп келеді. Себебі ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сайысқа он жылдан астам уақыт ішінде 20 мыңнан астам үлгілі отбасы қатысқан. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Қазақстанда екі жаңа мемлекеттік мереке: Аналар күні мен Әкелер күні атап өтіледі. Ал әр қыркүйектің екінші жексенбісінде Қазақстанда Отбасы күні. 

Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин, Айнадин Молдабеков