Су үнемдеудің тиімділігі мол
Кейінгі 5 жылда Батыс Қазақстан облысында суармалы алқаптың аумағы екі есе артып, 6 мың 600 гектардан 13 мыі 200 гектарға жетті. Алдағы үш-төрт жылда бұл көрсеткіш 3 есеге жете-ғабыл өседі. Яғни 36 мың гектарға жеткізу жоспары бар. Жер емген диқандар мемлекеттің қолдауы арқасында су үнемдеу технологиясын барынша игеріп жатыр.
Киікбай Айдаралиев былтыр Теректі ауданы Юбилейное ауылында сүтті-тауарлы ферма құрған еді. Биыл 755 гектар алқапқа малазықтық дақылдар егіпті. Ол үшін жаңбырлата суаратын 3 машина сатып алған. «Жүгерінің гектарынан 45-50 тонна өнім жинаймын, жаңа технология мол өнімге негіз қалайды», - дейді ол.
Киікбай Айдаралиев, серіктестік басшысы:
- Осы суармалы алқап ішінде жаңағы силос дайындауға 300 гектар қазір жүгері егілген. Қазіргі уақытта жүгерінің өнімділігі осындай жағдайда. Бір ай ішінде жем-шөп дайындауға, оруға келеді. Қазір өсіп жатыр. Көріп тұрсыздар.
Жаңбырлата суаратын машиналардың әрқайсысының құны 50 млн теңгеге жетеді. Шаруалар осынша қаржыны шығарып, егін салуға тәуекел етпес еді, егер мемлекет қолдауы болмағанда. Өңірде әр суару қондырғысының 80% субсидияланады. Тек өткен жылдың өзінде суармалы алқаптарды енгізу жобалары 3 млрд теңгеге қаржыландырылған.
Жасұлан Халиуллин, БҚО Ауылшаруашылық басқармасының басшысы:
- Өзге облыстың барлығында да 80% емес, 2-3 өңірде ғана. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында. Ол жалпылама қағидаға сәйкес негізінен 50%, жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай, жергілікті әкімдіктің шешіміне сәйкес 80% дейін көбейту мүмкіндігі қарастырылған. Облыста 160-тан астам осындай суармалы машиналар пайдаланылып жатса, соның жартысына жуығы соңғы 5 жылда сатып алынған суармалы машиналар. Бұл дегеніміз ауылшаруашылық құрылымдары тарапынан соңғы жылдары су үнемдеу технологияларына қызығушылық артып келе жатқанын көрсетеді.
Соңғы 3 жылда өңірде су үнемдеу технологиясы 4874 алқапта жаңадан енгізілген. Ал арық арқылы атыздата суаратын жер көлемі керісінше 3 жарым есеге азайған.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Судың да сұрауы бар. Орал өңірінде арықпен суарылатын алқаптардың аумағы осыдан 5 жыл бұрын 1300 гектар болса, қазір 380 гектарға төмендеген. Осы арқылы тіршілік нәрін айтарлықтай үнемдедік деуге негіз бар. Өйткені мәселен картоптың бір гектарын арықпен суарғанда маусымына 15 мың текше метр су кетсе, жаңбырлата суарғанда небәрі 4 мың текше метр су тұтынылады. Ал тамшылата суарғанда ол мүлде азаяды.
Егер 5 жыл бұрын өңірде суармалы алқаптар аумағы 6600 гектар болса, бүгінде ол 13 мың 200 гектарға жеткен. Ал таяу бес жылда ол көрсеткішті 36 мыңға жеткізу жоспарланған.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов