Заңсыз сыйақы мен жалған құжат: «Отбасы банкте» сыбайлас жемқорлық фактілері анықталды
«Отбасы банкте» бірқатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары анықталды. Бұл туралы қаржы ұйымының 2025 жылғы есебінде айтылған, деп хабарлайды 24KZ.
«2025 жылы банк қызметкерлері тарапынан бірқатар сыбайлас жемқорлық әрекеті анықталды. Олар клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүдделерін ілгерілеткені, тұрғын үй кезегін жылжытқаны үшін заңсыз сыйақы алған. Сондай-ақ филиалдардың бірінде қызметкердің клиенттердің несие қабілеттілігін растайтын табыстары туралы жалған құжаттар жасап, оларды несие өтінімдеріне тіркеген фактілері анықталды», – делінген құжатта.
Сонымен қатар аталған қызметкерлермен еңбек шарттары жұмыс берушінің бастамасымен, сенімнің жоғалуына байланысты тоқтатылғаны айтылған.
«Анықталған фактілер бойынша бұл қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыздар жолданды. Құқық қорғау органдары бірқатар қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр», – делінген есепте.
Бұдан бөлек, 2025 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша білімін тестілеу арқылы оқытудан Орталық аппарат пен 20 филиалдың 1183 кеңесшісі, сондай-ақ Орталық аппарат пен банк филиалдарының 1506 қызметкері өткен.
Банк ақпаратында барлық қызметкерлерге, атқаратын лауазымына қарамастан, банктегі өздеріне белгілі сыбайлас жемқорлық фактілері туралы тікелей басшыларына, қауіпсіздік бөлімшесіне немесе «Жедел желі» арқылы құпия түрде хабарлау міндеті ескертілгені атап өтілген.
Сондай-ақ банк қызметкерлерінің әрқайсысы өзге қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекетіне тартылғаны туралы фактілерді жасырғаны үшін жеке жауапкершілік арқалайды.