Жасанды интеллект дәуіріндегі мемлекеттік қызмет 

Елімізде нотариат саласына биометриялық сәйкестендіру мен ЖИ енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.

Жаңа жүйеде нотариустың әрбір әрекеті тіркеліп қана қоймай, есепке алу деректерін заңсыз пайдалануды болдырмайды. Енді азаматтар платформада жеке кабинет аша алады, сол арқылы олардың қатысуымен жасалған барлық нотариаттық іс-әрекеттерді бақылайды. Нейрожүйенің тағы нендей өзгешеліктері бар? 

Жасанды интеллекті қолдану аясы күннен-күнге кеңейіп келеді. 1 сәуірден елде цифрлық өнімдерді әзірлеуге арналған бірыңғай орта QazTech платформасы іске қосылғаны белгілі. «Жүйе қазірдің өзінде жемісін беріп отыр», - деді сала министрі Жаслан Мәдиев. Бір ғана мысал, жыл сайын халықты әбігерге салатын бірінші сыныпқа құжат қабылдау қызметі. Бұрынғы инфрақұрылым жүктемені көтере алмай, алғашқы күні-ақ істен шығатын көрінеді. Ал жаңа жүйе екінші ай қатарынан іркіліссіз жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін 365 мыңнан астам өтінім сәтті өңделген.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Үкімет қолданыстағы жүйелерді QazTech платформасына көшірудің екі жылдық жоспарын бекітті. Бұл ретте жүйелердің қайталануы жойылады. ескірген жүйелерді пайдалану тоқтатылады. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған. Оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Жоспардан тыс тағы 25 жүйе бойынша көшіру және әзірлену жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 10 ақпараттық жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп тұр.

Ал атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждарды ЖИ анықтайды. Жүйе азаматтар ұсынған фото және бейнематериалдарын талдап, олардың атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж немесе мұқтаж еместігі туралы ұсынымдар әзірлейді. Жаңашылдық саладағы арнайы құрылған комиссиялардың жұмысын едәуір жеңілдетіп, шешім қабылдау кезіндегі субъективті факторларды азайтуға мүмкіндік жасамақ. Тиісінше, салада түрлі алаяқтық әрекеттің  де алдын алады.

Асқарбек Ертаев,  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Ағымдағы жылғы тамыздан бастап, әкімдіктер көрсететін мемлекеттік қолдаудың біржолғы шаралары, атап айтқанда, мерекелік және атаулы күндерге берілетін төлемдер Жасанды интеллект көмегімен тағайындалады. Жүйе алушыларды алдын ала анықтайды және тағайындау жобасын қалыптастырады. Төлемді жүзеге асыру туралы түпкілікті шешімді жергілікті орган қабылдайды. Қыркүйек айында, eGovMobile арқылы өтініштер беруді қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазан айында мемлекеттік қолдау шараларын атаулылығы мен мұқтаждық деңгейін ескере отырып, нысаналы түрде тағайындау үшін Жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр.

Елімізде eGov 3.0 порталының жаңа нұсқасы іске қосылды. Ол мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге, артық талаптарды болдырмауға және инфрақұрылымға жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Жаслан Мәдиевтің айтуынша,  қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы пішінде жинақталған. Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа пішінде болады.

Жиында Үкімет басшысы саладағы жетістікті оң бағалады. Ары қарай да жүйелі жұмыс істеу керектігін айтты. Жасанды интеллект министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, жыл соңына дейін цифрлық ассистент арқылы көрсетілетін қызметтер санын 150-ге дейін арттыруды тапсырды.