Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары құрылады

Астана, Алматы, Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары құрылады. Пилоттық жоба «Даму» қорының өңірлік филиалдары базасында жүзеге асады.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, кәсіпкерлер бизнесте қиындықтар туындағанда қайда жүгіну керегін білмейді. Демек, мәселені анықтаудан бастап, оны реттеуге дейінгі кешенді сүйемелдеудің бірыңғай тетігін әзірлеу маңызды. Бұл үшін 2 жарым мыңға жуық шағын және орта бизнес өтінішіне талдау жасалған. Пилоттық жоба қыркүйектен желтоқсанға дейін ұйымдастырылады. Ал орталықтар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді.