Медициналық көмек көрсету құқығы

Жыл сайын Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына 40 мыңнан астам адам жүгінеді. Мұнда ем іздеп келетіндер қатары биыл көбейе түскен.

Дәрігерлер қазір тәулігіне 100-ден астам адамды қабылдайтынын айтады. Ал шалғайдағы шұғыл көмек қажет адамға телемедицина арқылы байланысқа шығады.

Қазір ауру қысса дәрігерлер қашықтан емдей алады. Қалай дейсіз ғой? Бұл шалғайдағы тұрғындарға қызмет көрсететін телемедицина арқылы мүмкін болып отыр. Арадағы жүздеген қашықтық дәрігер көмегіне жүгінуге кедергі емес. Мәселен, қазір Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының мамандары Қызылордадағы ауруханалардың бірінде жатқан емделушінің жағдайын талқылап жатыр. Бейінді мамандар онлайн басқосу арқылы оған тиісті ем-шара жазып береді.

Нагмет Мұрсалов, №5 травматология бөлімінің меңгерушісі:

- Телемедициналық көмек көп уақыттан бері көрсетіліп келеді. Өткен жылы біздің ғылыми орталықпен 245 телемедициналық консультация өткізілді. Оның ішінде телемедициналық кеңестер, науқастарды ауыстыру, келісу және консультациялар бар. Біз телемедицинамен келісіп өткіземіз, егер науқасты жергілікті жерде емдей алатындай жағдай болса ақылымызды айтамыз, бізге әкелу керек болса үшжақты болып жүргіземіз.

Медициналық көмектің қолжетімділігі бүгінде қашықтыққа тәуелді емес. Бұл Конституцияда шегелеп тұрып айтылған азаматтардың жеке құқықтарының бірі. Бұл мүмкіндікті Ақмола облысының Егіндікөл ауданында тұратын Елена Лавренюк қалт жібермеді. Ол оқыстан құлап, асық жілігін сындырып алған. Жергілікті дәрігерлер ендігі әрекетін нақты анықтау үшін Астанадағы бейінді мамандардың көмегіне телемедицина арқылы жүгінді.

Елена Лавренюк, емделуші:                     

- Біздің ауданда травматолог дәрігер жоқ. Тек қол-аяғы сынған тұрғындар хирургке келетін.  Менің жағдайымда бейінді арнайы мамандардың көмегі қажет болды. Сондықтан мұндағы дәрігерлер телемедицина арқылы травматологтардан кеңес алды. Содан кейін ауруханаға жатқызу мәселесі шешіледі.

Бұл әсіресе шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін маңызды. Конституцияда кепілдік берілген медициналық көмек көлемі кеңейтілді. Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан 11 ауру түрі бойынша кеңес беру мен диагностикалық қызмет тегін көрсетіледі. Әлеуметтік маңызы бар аурулардың қатарына туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, вирусты гепатит пен бауыр циррозы, инфаркт, созылмалы бүйрек ауруы және инсульт секілді дерттер енгізілген. Тегін берілетін дәрілік заттардың тізімі де кеңейтіліп, үш мыңнан асты. Бұған қоса жедел жәрдем қызметімен қатар санитариялық авиациямен көмек көрсету де қарастырылады. Кепілдік берілген медициналық көмек пакетіне онкологиялық скринингтер де кіреді.

Әсел Қыдыралиева, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:

- Бүгінде мемлекетіміз азаматтарымызға медициналық көмектің толыққанды кепілдігін береді. Бүгінгі таңда өткізіліп отырған үш онкоскрининг, өкпе қатерлі скринингі бұл өз кезегінде аурудың ерте сатысында анықтаса соғұрлым оны емеудің нәтижелілігі жоғары болады. Сондықтан скринингтен өту құқықтары толық сақталады.

Айта кетейік, тек былтырдың өзінде елімізде 4 миллионға жуық адамға телемедициналық кеңес қызметі көрсетілген. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде қашықтан медициналық көмектің 118 түрін алуға болады. Алдағы уақытта 4 мыңнан астам денсаулық сақтау мекемесін заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру нәтижесінде ауылда тұратын шамамен 7,5 миллион тұрғын қамтылады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Дінмұхамед Аманғазыұлы