Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарға 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу ережелері жаңартылды. Енді бұл бағыттағы қаржылық төлемдер мен материалдарды қарау функциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен оның аумақтық органдарына жүктелді. Жаңа өзгерістер 2026 жылдың 22 тамызынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды «24KZ».
Сыйақы мөлшері қандай?
Ақшалай сыйақының мөлшері құқықбұзушылықтың ауырлығына және келтірілген залалға тікелей байланысты. 2026 жылғы есептік көрсеткіштер бойынша (1 АЕК — 4 325 теңге):
-
Әкімшілік істер бойынша — 30 АЕК (129 750 теңге);
-
Онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстары — 40 АЕК (173 000 теңге);
-
Орташа ауырлықтағы қылмыстар — 50 АЕК (216 250 теңге);
-
Ауыр қылмыстар — 70 АЕК (302 750 теңге);
-
Аса ауыр қылмыстар — 100 АЕК (432 500 теңге).
Егер пара немесе залал сомасы 1 000 АЕК-тен (4 325 000 теңге) асса, сыйақы мөлшері сол соманың 10 пайызын құрайды. Дегенмен, заң бойынша максималды төлем 4 000 АЕК-пен (17,3 миллион теңге) шектелген. Мысалы, 50 миллион теңгелік пара туралы хабарлаған адам 5 миллион теңге алса, ал 200 миллион теңгелік іс бойынша 10 пайызы 20 миллион болғанымен, ең көп дегенде 17,3 миллион теңге төленеді.
Ақша қашан және кімге беріледі?
Сыйақы алу үшін берілген ақпарат міндетті түрде расталып, іс бойынша түпкілікті процессуалдық нәтиже шығуы тиіс.
Қаражат кімдерге төленбейді?
-
Қасақана көрінеу жалған мәлімет бергендер;
-
Құпия түрде ынтымақтасатын арнайы қызмет өкілдері;
-
Қылмыстың тікелей орындаушылары немесе сыбайластары.
-
Қызмет бабында хабарлауға міндетті мемлекеттік қызметшілерге ақшалай төлемнің орнына грамота не алғыс жариялануы мүмкін.
Төлем алу үшін азамат тергеу жүргізген органға барып, өтініш жазады, жеке куәлігін және ұлттық валютадағы банктік шотының реквизиттерін ұсынады. Арнайы комиссия құжаттарды 15 жұмыс күні ішінде қарап, шешім қабылдайды. Оң қорытынды шыққан жағдайда, ақша бір ай ішінде өтініш берушінің шотына аударылады.
Статистикаға сүйенсек, өткен жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 61 азаматқа жалпы сомасы 24,2 миллион теңге сыйақы берілген болатын.