Қарағандыда коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр
Қарағанды «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру бойынша көшбасшы облыстардың қатарында.
Теміртауда 312 көппәтерлі үйді жылумен қамтамасыз ететін 8 шақырым жылу магистралі қайта жаңғыртылып жатыр. Ал облыс орталығында жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылып келген негізгі жылу желілері жаңартылады. Атқарылып жатқан жұмыстармен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев танысты.
Теміртауда қаланың ең көне жылу магистралі жаңғыртылып жатыр. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары қолданысқа берілген жылу желісінің әбден тозығы жеткен. Соңғы бес жылда 38 рет жарылған. Желіге 312 көпқабатты үй, сондай-ақ 22 әлеуметтік нысан қосылған. Ұлттық жоба аясында магистральдің 8 шақырымнан астам құбыры жаңартылып жатыр.
Қанат Бозымбаев Қарағандыдағы коммуналдық инфрақұрылымның негізгі нысандарын да аралады. Қазір кеншілер шаһарындағы су тазарту кешені араға 50 жыл салып қайта жаңартылып жатыр. Нысан жабдықтарының 80 пайызы тозған. Сонымен қатар қаланың едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз ететін екі ірі жылу магистралінде құрылыс қарқын алды. Жөндеу жұмыстары аяқталғанда оған жаңа үйлер, әлеуметтік және бизнес нысандарын қосуға мүмкіндік пайда болады.
Тілектес Досаев, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Бірінші кезекте ең тозған нысандарды, инженерлік желілерді жөндеп жатырмыз. Былтырдан бастап ұлттық жоба аясында жалпы сомасы 134 миллиард теңгеге 30 жоба қолға алынды. Шамамен 420 шақырым инженерлік желілер жаңғыртылады.
Ал электр желілері мен қосалқы станцияларды қайта жаңарту бойынша өңірде алты жоба әзірленген. Оның төртеуі биыл жүзеге асырылады. Қазір 110 кВ екі желі мен қосалқы станциялар жаңартылып жатыр.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Қарағанды басқа өңірлерге қарағанда қарқыны жоғары жүріп жатыр. Жоспарға сай, 100 пайыз емес енді, бірақта жоспарға сай, келесі жылға тиісті жоспар құрылған. Қаржымен қамтамассыз етілген. Мердігерлер жаман емес деймін. Ең бастысы оны жүз пайыз жылыту маусымына дейін бітіру керек.
Нысандарды қалпына келтіруде аясында тек отандық өнімдер пайдаланылады. Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімі мен сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сапар соңында ұлттық жобаны іске асыру бойынша республикалық жиын өткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит