Астанада Жетісу қолөнершілерінің креативті жәрмеңкесі өтіп жатыр
Жетісудың қолөнер шеберлері, ұлттық және заманауи өнер иелері елорда төрінде. Астанада демалыс күндері креативті жәрмеңке өтіп жатыр.
Бірегей көрме республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылған. Көпшілік назарына Жетісу облысының қолөнершілері өз туындыларын ұсынып отыр.
Талдықорғандық Жанар Келгембаева киіз басу өнерімен он жылдан астам уақыттан бері айналысады. Негізінен ұлттық нақыштағы киімдер тігеді. Оларды көбіне өсімдік тектес ою-өрнектермен безендіреді. Бүгінде шебердің туындылары Қазақстан шекарасынан асып, шетелдерде танымал бола бастады. Оның көрмелері Ресей мен Өзбекстанда өткен. Ал қыркүйек айында Жанар Келгембаева Италияда өтетін халықаралық қолөнершілер фестивалінде Қазақстанның атынан қатысады.
Жанар Келгембаева, киіз шебері:
- Киізді алғаш қолыма алған кезде осы іспен баяғыдан бері айналысып келе жатқандай сезім болды. Өзім де осыған әлі күнге таңғалам. Мені ешкім үйреткен жоқ. Бірден киіз басу қолымнан келетінін түсіндім. Анам өте ерте қайтыс болған. Сондықтан одан ештеңе үйреніп үлгермедім. Кейін нағашыларым киізден түрлі бұйымдар дайындаумен айналысқанын білдім.
Экспозициямен танысқан Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жобаға қатысушыларды құттықтады. Ол Creative Aimaq жобасының негізгі мақсаты – өңірлердегі креаторларды қолдап, олардың өнімдері мен қызметтерін коммерцияландыруға ықпал ету екенін атап өтті. Жобаның алғашқы күнінде Жетісу облысынан шығармашылық индустрияның түрлі бағыттарын ұсынатын 30-дан астам креатор қатысты. Олардың қатарында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, дизайнерлер, қолөнершілер, цифрлық жобаларды әзірлеушілер мен кәсіпкерлер бар. Олар жалпы құны 2 миллион теңгенің өнімін сатылымға шығарды.
Жалғас Ахметов, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы:
- Біз студенттермен бірлесіп, электр көліктерін құрастыратын шағын цех аштық. Қазір мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған электр көлігін әзірлеп жатырмыз. Екі бағыт бойынша жұмыс істейміз. Біріншісі – мүгедектігі бар адамның арбасына бекітілетін толыққанды электр құрылғысы. Екіншісі – арбамен отырып кіріп, жүріп кете алатын үлкен жүк тасымалдаушы үш дөңгелекті көлік.
Жәрмеңкеде келушілерге халқымыздың ұлттық музыкалық аспаптары, тұрмыс бұйымдары, ат әбзелдері, сондай-ақ ағаштан жасалған түрлі туындылар ұсынылған. Елорда тұрғындары мен қонақтары да креативті жәрмеңкені жоғары бағалады.
Манзура Омаршаева, Астана қаласының тұрғыны:
- Тігілген заттары, көрпелер, киізден жасалған киімдердің барлығы өте керемет екен. Маған қатты ұнады. Осындай өнерлі азаматтарымыз бар екеніне өте қуаныштымын. Өте бақыттымын десем де болады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» жүзеге асырып отырған Creative Aimaq жобасы отандық брендтерді қолдауға, өңірлердегі креативті индустрияны дамытуға және аймақтардың мәдени әлеуетін ілгерілетуге бағытталған. Жалпы жоба аясында бұған дейін еліміздің сегіз облысында жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған 352 креатор қатысып, көрмелерге 20 мыңнан астам адам келген. Сатылған креативті өнімдердің жалпы көлемі 43 миллион теңгеге жуықтады.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ақылбек Есімсейітов