Петропавлда аутизм орталығы ашылды
Петропавлда аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығы ашылды. Бұл оларды ортаға бейімдеп, қарым-қаблеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Ұйым мамандары ата-аналарға да психологиялық көмек көрсетеді.
Бұл орталыққа 40-тан аса бала келеді. Оларға түрлі әлеуметтік қызметтер қарастырылған. Мамандар әр баламен жеке-жеке жұмыс істеп, ортаға бейімдейді.
Наталья Сергеева, қала тұрғыны:
- Балам осындай ортада дамиды. Олар өзара араласып, бір-біріне зейін қояды. Дағдыларды меңгереді. Бұл ата-аналар үшін өте маңызды. Себебі үй жағдайында шұғылдану оңай емес.
Өңірде аутизм спектрі бұзылған 516 бала тіркеуде тұр. Сондықтан ата-аналарға арнайы әлеуметтік көмектің қолжетімді болуы өте маңызды.
Ғалия Баязитова, үйрме үйлестірушісі:
- Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бойынша әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылып жатыр. Балалардың бағыт-бағдары шығармашылық жағынан басталады, содан кейін үйдегі жұмыстарды іске асыру бойынша, яғни әлеуметтік дағдыларды қамту бойынша бағыттарды алып жатырмыз.
Облыс бойынша 4 мың бала инклюзивті білім алады. Оларға балабақша, мектеп, колледждерде арнайы кабинеттер ашылған.
Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Осындай балаларды қолдау мақсатында мектептерде арнайы кабинеттер ашылып жатыр. Қазір осындай кабинеттердің саны - 30. 2029 жылға дейін тағы 8 кабинет ашылады. Жалпы инклюзивті білім беру жағдайы 97 пайызы балабақшада, 98 пайызы мектепте және барлық колледжде жасалған.
Өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін 26 арнайы мекеме жұмыс істейді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков