Түркістандық бағбандар алма жинауға кірісті
Табиғаты жеміс өсіруге қолайлы Түлкібас өңірін жұртшылық ежелден алманың отаны санайды.
Қазір ауданда үш мың гектардан астам алма бағы бар. Соның 750 гектарға жуығы – жемістің ерте пісуін қамтамасыз ететін жүйемен жабдықталған. Мұнда Италия, Польша және Түркиядан әкелінген көшеттер өсіріледі. Бүгінде жергілікті бағбандар мол өнім алып отыр.
Түлкібастың ауасынан алманың иісі аңқиды. Айнала түгел алма бақтары. Шақпақ баба ауылындағы мына серіктестік 15 жыл бұрын 100 гектарға алманың еуропалық сортын еккен. Бүгінгі күні қарқынды баудың көлемі 233 гектарға жеткен. Қазір гала, голден, пиромин және камспор сорттары Түлкібас даласын түрлендіріп тұр. Жаздық алмалар пісіп, жаппай терім жүріп жатыр. Шаруашылықта 80 адам тұрақты еңбек етсе, науқан кезінде 150-ге жуық ауыл тұрғыны жұмылдырылады.
Гүлзира Мұқанова, Шақпақ баба ауылының тұрғыны:
- Жұмысымыз жақсы, өзімізге ұнайды. Бір күнде бір кісі 2 мың келіге дейін алма тереді. Бүкіл бригада жабылып, 90 тоннаға дейін алама тереміз. Ауылда қыз-келіншектер бос жүрмейді, осы жерде жұмыс істейді. Нанын тауып, бала-шағасын асырайды. Барлық жағдай жасалған.
Алма бауда тамшылатып суғару әдісі қолданылады. «Ол әр түптің суды қанып ішуіне мүмкіндік береді», - дейді серіктестік басшысы. Қазір мұндағы әр гектардан 37 тоннадан өнім алынып отыр. Бағбан биыл 8 мың тоннадан аса жеміс жинауды жоспарлап жатыр. Оның жартысын сатылымға шығарса, жартысын арнайы тоңазытқышқа сақтайды.
Қайрат Садықов, серіктестік директоры:
- Бізде бұл «интеграцияланған бақ» деп аталады. Интеграцияланған бақтың ерекшелігі – химиялық препараттарды көп қолданбаймыз. Өнім Қазақстанның әрбір қаласына жөнелтіледі. Сонымен қатар, шет мемлекеттер – Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь елдері де біздің алмаларымызға қызығушылық танытып, өнімдерімізді сатып алады. Бізде арнайы суытқыш қоймалар бар. Сол жерде алманы белгілі бір температурада сақтап, «ұйықтатып», мамыр-маусым айларына дейін сақтауға мүмкіндігіміз бар.
Серіктестікке тиесілі жаңа қойма голландиялық әдіспен салынған. Оның бір ерекшелігі – қойма ішінде ауа болмайды. Азоттың барлығы сыртқа шығарылады. «Бұл – алманың бұзылмай, жақсы сақталуына сеп болады», - дейді мамандар. Жалпы ауданда 7 мың тоннаға жуық алма сақтайтын қоймалар бар. Одан бөлек, піскен жемістен тәтті шырын шығаратын бірнеше зауыт жұмыс істейді.
Абылай Төлепбергенов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Өздеріңіз көргендей, серіктестік 4,4 мың тонна алма сақтай алады. «Түлкібас жеміс-жидектері» 1700 тонналық және бір жеке кәсіпкер бар, ол кісі 500 тонна алма сақтайды. Одан бөлек, 5-6 қайта өңдейтін зауыт бар. Олар 3 литрлік сок шығарады. Тікелей сығылып, таза табиғи өнім шығарып жатыр. Нарықта өте сұранысқа ие.
Жалпы Түркістан облысында 13 мың 400 гектардан аса алма бағы бар. Оның 5 мың 400 гектары қарқынды бау. Олардың барлығына су үнемдеу технологиясы енігізілген. Мамандардың айтуынша, дәстүрлі баудан гектарына 6-7 тонна өнім жиналса, қарқынды бау 30-35 тоннаға дейін өнім береді.
Гүлфайруз Тәжіхан, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Биыл алма бақтарынан мол өнім күтіліп отыр. Алдын ала есеп бойынша биыл облыста 94 мың 500 тоннаға жуық алма жинау жоспарланып жатыр. Жиналған өнім ең алдымен облыс тұрғындарының және еліміздің ішкі нарығын сапалы отандық өніммен қамтуға бағытталады. Бір бөлігі сыртқы нарыққа шығарылады.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Облыста сыйымдылығы 200 мың тонна болатын 60 жеміс-көкөніс сақтау қоймасы орналасқан. Оның ішінде сыйымдылығы 185 мың тонналық 49 қойма тоңазытқыш және желдету жабдықтарымен қамтылған. Одан бөлек, 15 мың тонналық 14 құрғақ сақтау қоймасы бар. Бұл қоймалар облыс аумағында өндірілетін жеміс-көкөніс өнімдерінің 80 пайызын сақтауға мүмкіндік береді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов