«XXI ғасыр көшбасшысы»: Бас жүлде кімге бұйырады?
«XXI ғасыр көшбасшысы» тележобасының үздік қатысушылары финалдық кезеңге келіп жетті. Ертең ақтық ойын.
Алғашқы үш орынды иеленген балалар елдегі жетекші жоғары орындарының гранттарына ие болады. Айта кетейік, зияткерлік бағдарлама «Хабар» арнасының туындысы. Тележоба алғаш рет 26 жыл бұрын эфирге шыққан. Кейін біраз үзілістен соң көрерменмен қайта қауышты. Осы уақытта «XXI ғасыр көшбасшысы» отандық телевизиядағы үздік жобалардың бірі ретінде танылды. Жас дарындарға жаңа мүмкіндіктер беретін бірегей алаңға айналды. Бүгінде оған қатысқан жастар өмірде өз жолдарын тауып, түрлі салада кәсіби маман болып қызмет атқарып жүр. Биыл білім сайысына 15 мыңнан астам оқушы қатысты. Соның 108-і республикалық кезеңге жолдама алды. Жоба білімді әрі талантты жастарды халыққа танытуды көздейді. Финалдық ойын сенбі күні сағат 14:00-де «Хабар» телеарнасында басталады.
Гүлнәр Сүлейменова, «XXI ғасыр көшбасшысы» жобасының продюсері:
- Балалар өте мықты. Ойынға өте жақсы дайындалған. Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, биыл балалардың ерекше ынтамен дайындалғанын байқадық. Сұрастыра келе, балалардың «XXI ғасыр көшбасшысы» жобасының 22 бағдарламасын толығымен бір емес, бірнеше реттен қарап шыққандарын білдік.
Өткен жылғы балалардың олқылықтарының орнын толтырып, кәдімгідей салт-дәстүр, мақал-мәтел жағынан кәдімгідей жақсы дайындалып келген.