Талдықорғанда 51 отбасы баспаналы болды
Талдықорғанда бүгін 51 отбасы баспаналы болды. Тұрғын үй иелеріне пәтер кілттерін Жетісу облысының Әкімі Бейбіт Исабаев салтанатты жағдайда табыс етті.
Айта кетейік, биыл қалада мемлекеттік бағдарламамен салынған 600-ге жуық үй берілді.
Торғын Тойшыбекова бала-шағасымен бірге он жылдай жалдамалы үйде тұрған. Бүгін ол «Құлагер» ықшам ауданындағы үш бөлмелі пәтердің кілтін алып, көптен күткен арманына қол жеткізді.
Торғын Тойшыбекова, тұрғын:
- Мойнақ ауылында пәтерде тұрдым. Өзімнің үш балам бар. Төртіншісіне жүктімін. Қуанышымызға осы баспана бұйырып тұр екен.
Көпқабатты және жер үйлер «Жастар-3» тұрғын үй алабы мен «Бірлік», «Құлагер» ықшам ауданында салынған. 51 баспананың кілті әлеуметтік санат бойынша үй кезегіне тіркеуде тұрғандарға берілді.
Динара Отарбаева, күміс алқа иегері:
- Кезекте тұрғаныма 8-9 жыл болды. Естіп өте қуанышты болып тұрмын. Толқып тұрмын. Ризамын. Алты балам бар. Оның бесеуі оқушы. «Жастар-3»-тен бұйырып тұр. Берекелі шаңырақ болсын.
Жергілікті халықты қолжетімді баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан аймақта үй салу ісі кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
- Президентіміз айтып жатқан халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту жөніндегі міндеттердің ең бастысы - әрбір отбасыға баспана берілуі. Жыл басынан бері Талдықорған қаласында 50 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй берілді. 600-ге жуық азамат жеке баспанаға ие болды.
Жыл соңына дейін Талдықорғанның «Бірлік», «Ынтымақ» ықшам ауданындағы 370 пәтер қолданысқа беріледі. Жергілікті әкімдік биыл 1400 отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов