Павлодар облысында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
Павлодар облысының Евгеньевка ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңа нысан төрт ауыл мен қаланың екі шағын ауданындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Заманауи талапқа сай жабдықталған бекетте қызметкерлердің жұмысына қажетті жағдай жасалған. Цифрлық технология жетістігі ретінде ғимаратқа бет-әлпетті тану жүйесі мен бейнебақылау камералары орнатылды. Камералар түсірген бейне Ақсу қаласының өрт сөндіру бөліміне тікелей беріледі.
Серік Төленбергенов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
- Ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Жаңа бекет Евгеньевка, Үштерек, Сольветка және Еңбек ауылдарын, сондай-ақ Ақсу қаласының Черемушка және Беловка шағын ауылдарын қамтып 3790 тұрғынмен 20 кәсіпкерлік нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ізбасар Үсенов, ауыл тұрғыны:
- Бүгінгі ерекше мерекелік күні ауылымызда тамаша өрт сөндіру пункті ашылып жатыр. Халықтың игілігі үшін, болашағы үшін жасалып жатқан тамаша заттармен өте қуаныштымыз. Ауылға көмектескен адамдарға және шаруа қожалықтарына мың алғыс.