Жүргізуші Мұқағали мен Қадырдың жүздеген жырын жатқа оқиды
«Өлең сөзге әркімнің бар таласы». Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында көлік жүргізушісі болып еңбек ететін Ерболат Қалиевті ауылдастары Мұқағали деп атайды.
Өзі де Мұқағали Мақатаев пен Қадыр Мырза Әлінің жүздеген жырын жатқа оқиды. Ара-тұра өлең жазатыны да бар. 48 жастағы азамат, өмірінің үшінші мүшелінде кітапқа ықыласы тіптен артқанын айтады.
24 жасында Қаратөбе аудандық әкімдігіне көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан Ерболат Қалиев содан бері талай жақсы-жайсаңдармен сапарлас болыпты. Темір тұлпарды тізгіндеп, ауыл-аймақты түгел шарлапты. Техниканың тілін білетін азаматтың әдебиетке құштарлығы үшінші мүшелде оянған екен.
Ерболат Қалиев, жүргізуші:
- 37 жасымнан бастап кітап оқи бастадым. Оның ішінде поэзия да бар. Поэзия енді адам жанын ізгілікке, аяулы сезімдерге тәрбиелейтін үлкен күш қой. Сол кезде бірінші Қадырды оқыдым. Осында, сол қалада, бір отырыста біреу Қадыр Мырза Әлінің 19 томдық қызыл кітабы бар ғой, соның біреуін маған сыйға берді. Үйге алып келгеннен кейін соны ашып қарадым да, «Уа, тіршілік, не берсең де арнап бер!» деген өлеңі бар екен. Сол өлеңді жаттап алдым. Білмеймін, ұнап қалды. Содан басталды ғой.
Ақын жанды азамат аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы. «Кітап оқитын ұлт» жобасына байланысты түрлі байқауларға, әдеби шараларға белсене қатысып, арасында өз өлеңдерін де оқиды. Өте елгезек, сыпайы, әдепті, дегдар азамат жөнінде ауылдастары, әріптестері жоғары пікірде.
Динара Мұзафарова, кітапханашы:
- Бізге поэзия жағынан жақын. Ол кісі жаңағы поэзиядан Мұқағали Мақатаевтың, Қадыр Мырзалиевтің және де Фаризаның өлеңдерін жақсы оқиды. Бізде көбіне іс-шараларымызда ақынның өлеңдерімен қатар осы ақындарға арналған өзінің тума талант өлеңдерін шығарып жатады.
Нұртас Сафуллин, Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Шын мәнінде де, енді Мұқағалидың өлеңдерін жүрекпен сезініп, өзі іштей жоғары бағалап, жақсы көріп оқиды. Үнемі өзін рухани тұрғыда жетілдіріп жүретін санаулы адамдардың бірі деп айтуға болады.
Жиын-тойларда тілегін жыр жолдарымен әдіптеп, рухани тақырыпта кез келген адаммен еркін сөйлесетін Ерболатты жұмысқа шақырғандар да аз болмапты. Алайда дипломы жоқтығы кедергі. Келешекте университетке түсуді армандайды.
Ерболат Қалиев, жүргізуші:
- Қазір керек болып жүр. Көп жерде сұрап жатыр. «Ең болмаса, дипломың жоқ па? Не бітірдің?» дейді. Тойларда бір тілек айтып шыққанда, танымайтын кісілер келіп, сұрап жатады. «Бауырым, тіл маманысың ба?» дейді. «Жоқ» деймін. Көбіне нанбайды. «Әдебиеттен сабақ бересің бе?» деген сұрақтар да қойып жатады. Жалпы, көбіне Мұқағалидың өлеңдері жақсы, мөлдіреп тұр ғой. Соның көп өлеңдерін жатқа білемін. Қадырдікін де.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов