Жетісу облысында жас мамандар жұмыспен қамтылды

Биыл Жетісу облысындағы мектептерге 300 жас маман жұмысқа қабылданады. Алайда кадр тапшылығы толық жойылмады. 

Ауыл-аймақтағы білім ордаларына әлі 50 мұғалім керек. Жаңа оқу жылында бұл мәселе қалай шешіледі? 

Жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен тәмәмдаған Ақбота Суатқызы жұмысқа конкурссыз қабылданған. Мектепте математика пәнінің мұғалімі жетіспейтін. Енді бұл тапшылық жойылды. Мәртебелі мамандық иесі оқушыларға қиын да күрделі пәннің қыр-сырын үйретуге дайын. 

Ақбота Суатқызы, қалалық №16 орта мектеп-гимназиясының мұғалімі: 

- Балалардың алдында мен жауапкершілігі мол әділ және де оларды дұрыс жолға сала білетін, математиканы қиын демей күнделікті өмірде қолдана алатындай қарапайым тілмен түсіндіретін балалардың алдында үлгі тұтарлықтай мұғалім болғым келеді. 

Өңірдегі мектептерге Ақбота сияқты 67 жас маман іріктеусіз жұмысқа алынды. Себебі елімізде оқу озаттарының қызметке кедергісіз орналасуы үшін осындай жеңілдік жасалған. 

Әсел Болатханқызы, М. Арын атындағы №24 мамандандырылған лицей директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда НОБД порталы арқылы жас мамандарды жұмысқа қабылдау жақсы жолға қойылып жатыр. Мысалы, лицейімізге үздік дипломмен оқуын аяқтаған 8 жас маманды жұмысқа қабылдап жатырмыз. Екінші мәселе – ұстаздарымыз қандай да бір конкурсқа қатысып, жүлделі орындарға ие болса, қаржылай сыйақы алып жатыр. Яғни қазір білім мен ғылым саласына Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді.

Биыл облыстағы мектептер 300 жас маманмен толығады. Соған қарамастан салада кадр тапшылығы бар. Негізінен ауылдардағы білім ошақтарына математика, физика, химия және шет тілдерінен сабақ беретін мұғалім қажет. 

Әли Солтанбекұлы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 49 маманға қажеттілік деген сөз мүлдем маман жоқ деген сөз емес. Бұл жерде бір-екі математик мұғалім бар. Тек мұғалімнің жүктемесі артып тұр. Жалпы, мемлекеттік білім стандарты орындалып жатыр. Қажетті мұғалімдер келген жағдайда біз аудандық, қалалық әкімшіліктермен олардың тұратын орнын және көтерме жәрдемақы мәселесін қарастырудамыз. Қазір Ілияс Жансүгіров атындағы университетпен, Абай атындағы педагогикалық университетпен ауылға жас мамандарды тарту жұмыстарын жалғастырып жатырмыз.

Жетісу облысындағы мектептерде 15 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді. Олар 131 мыңнан астам оқушыға сапалы білім мен тәрбие беріп отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов

Сондай-ақ оқыңыз: