Қазақстанда жұмыс орындарын субсидиялау тәртібі жаңартылды
Енді мансап орталықтары жұмыс берушілердің өтініші негізінде осындай жұмыс орындарын ұйымдастырады.
Оған заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, мемлекеттік мекемелер өтініш бере алады. Үкіметтік емес ұйымдар да бұл тізімде бар. Сондай-ақ осы бағыттағы барлық рәсім электронды форматқа көшеді. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Субсидияланатын жұмыс орындарының саны жұмыс берушінің санатына байланысты бөлінеді. Мәселен, Үкіметтік емес ұйымдар үшін республикалық маңызы бар қалаларда барлығы 10, ал өңірлерде 5 жұмыс орнына дейін ашылады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор үшін де 5 орын субсидияланады. Ал ауылдарда мұндай жұмыс орындарының саны ауыл халқының 5 пайызына дейін болуы мүмкін. Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы мемлекеттік тапсырыс бағдарламалары, инфрақұрылымдық мемлекеттік сатып алулар немесе арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіп, бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарда субсидияланатын жұмыс орындары ашылмайды. Мұндай өзгерістер субсидияланатын жұмыс орындарын нақты қажеттілікке қарай бөлуге мүмкіндік бермек.