Астанада 700-ші локомотив шығарылды
Жыл соңына дейін ел рельсіне түседі. Бұл – 17 жылдағы жетістік. Зауытта америкалық Wabtec технологиясы негізінде Evolution сериялы электровоз, тепловоз және маневрлік локомотивтер жасалады.
Жылдық қуаты – 120 техника. Ескілерінен ерекшелігі – дизель отыны шығыны азайған. Жүк вагондарын тарту күші басым. Ал егер келешекте жанармайдың басқа түрімен жүру тиімді болса, оған да бейімделе береді. Машинисттер үшін де жанға жайлы жағдай жасалған. Өндірістік қуаты артқан кәсіпорынның экспорттық әлеуеті де еселі. Орталық Азия елдері мен Әзербайжан, Молдова, Украина және Моңғолия – тұрақты тұтынушылары. Зауыт айналасында өндірістік және сервистік алаңдар қалыптасқан. Онда жабдықтарды, құрамдас бөлшектер мен қосалқы бөлшектерді өндіру, жөндеу және қызмет көрсету саласында 1 мың 400-ден аса маман еңбек етеді. Қазіргі таңда локомотив құрастыру зауытындағы өндіріс үлесі – 40 пайыз.
Рауан Донсебаев, локомотив құрастыру зауытының әкімшілік басшысы:
- Осы зауытта 530-дан астам адам жұмыс істейді. Бұл – 700-ші локомотив. Жыл соңына дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясына ұсынамыз. Қазақстан ТМД елдерімен салыстырғанда локомотивтері жаңа. Қазіргі таңда генераторы, дизелі, компьютерлік жабдықтары басқа елден жеткізіледі. Жыл сайын біз өзіміздің локализацияны үлкейтіп жатырмыз.