Қызылорда облысында жылу-электр желісі жаңартылып жатыр
Қызылорда облысында мыңнан астам әлеуметтік нысан алдағы жылу маусымына толық әзірленді.
Тозған жылу желілері мен қазандықтар жаңартылып, электр жүйелері жоспар бойынша қайта жөндеуден өтіп жатыр. Биыл Қызылорда қаласы жаңа жылу-электр станциясының игілігін көреді.
Өңірдегі мыңнан астам әлеуметтік нысан алдағы қысқа толық дайын. Мамандардың сөзінше, жылу желілері мен бу қазандықтары тексерістен өтті. Тозығы жеткен құбырлар мен қондырғылар дер кезінде ауыстырылып жатыр.
Тахир Нәдірбек, Энергетика және ТҮКШ Басқармасы басшысының орынбасары:
- Жылу көздері мен жылу желілерін жаңғыртуға 5,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға біз 8,7 шақырым жылу желісін, аяқтауға сол қаржы бөлінді. Сонымен қатар бізде мына ЖЭО-дегі 1 және 2-ші газотурбиналық қондырғыға күрделі жөндеу жұмыстары облыстық бюджеттен бөлінді. Сонымен қатар 1,3 шақырым жылу желілері жаңартылады, сонымен қатар 1 қазандық, 1 дана турбина және де мына қаламызда орналасқан 10 автономды қазандықтарды жаңартатын боламыз.
Өңірдегі 10 мың шақырымнан астам электр желісі мен 2 мыңнан астам қосалқы станция бар. Оның 60 пайызға жуығы тозған. Қысқы аязда іркіліс болмас үшін желілерді жаңарту қарқынды жүріп жатыр.
Шалқар Рахышев, Электрмен жабдықтау мекемесінің бас инженері:
- 54 шақырым әуе желілері және 57 дана қосалқы станциялар қазір жөндеу жұмыстарынан өткізілді. Өңір бойынша Арал мен Жаңақорған ауданы ортасындағы барлық электр қондырғылар мен қосалқы станциялар, әуе желілеріне қысқа дайындық жұмыстары қазіргі таңда 100 пайыз жүргізіліп, жұмыстар атқарылып, жылу маусымына дайын екенімізді білдіреміз.
Биыл Қызылорда қаласы толығымен жаңа жылу-электр станциясының қуатына көшеді. Заманауи нысан 240 мегаватт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу өндіруге қауқарлы. Мамандардың айтуынша, станция барлық сынақтан өтіп, жылу маусымына сақадай сай тұр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин