Ақтөбе облысында егіс алқабының 35 пайызы орылды
Ақтөбеліктер де егіс алқаптарының 35 пайызын орып үлгерді. 192 мың тонна дән қамбаға құйылды. Диқандар орташа есеппен әр гектардан 13 центнерден бидай жинап жатыр.
Күзгі жиын-терім жұмыстарына 600-ге жуық комбайн мен мың жарым трактор және жүк көліктері жұмылдырылды. Шаруаларға қажетті дизель отыны жеңілдетілген бағамен жеткізілді. Жанар-жағармайдың литрі 278 теңгеден берілді. Бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан. Диқандардың ендігі міндеті – бітік өскен бидайды шашау шығармай жинап алу.
Нұрбек Райымбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Қазгидрометтің берген апталық мәліметтеріне сәйкес жалпы алдағы уақытта бізде ұзақмерзімді жауын-шашын күтілмейді. Ауа райы қолайлы, ашық болады деп есептеледі. Егін ору науқаны жоспар бойынша осы қыркүйек айының екінші онкүндігінде күтіледі.