Қазақстанда 215 жобадан тұратын жаңа инвестициялық цикл қалыптасты
Елде құрамына 215 жоба енетін жаңа инвестициялық цикл түзілді. Жобалардың жалпы құны – 78,6 млрд доллар.
Бұл жұмыстар Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмалар шеңберінде қолға алынып отыр. Бүгінге дейін 17,8 трлн теңгеге 66 инвестициялық келісім жасалды. Жыл басынан бері фармацевтика, энергетика, металлургия, агроөнеркәсіп кешені, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларында жалпы құны шамамен 4,4 трлн теңгені құрайтын 25 келісімге қол қойылды. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестиция сомасы 23,5 трлн теңгеге жетті. Яғни 2019-2025 жылдар аралығында 2 есеге жуық артты. Ал былтыр шетелден құйылған қаржы 14,4 пайызға ұлғайып, 20 млрд доллардан асты. Үкімет инвестиция тартуда отандық дайын өнімдер өндірісін нығайтуға баса мән беріп отыр. Осы орайда өңдеу өнеркәсібін, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін локализациялауға басымдық беріледі.