Павлодар облысында модульдік құтқару станциясы іске қосылды

Павлодар облысының көрікті жерлерінің бірі Жасыбай көлінің жағалауында

модульдік құтқару станциясы іске қосылды. Жаңа нысан өңірдегі туристер көп шоғырланатын демалыс орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заманауи станция қандай құрал-жабдықтармен қамтылған? Құтқарушылар тәуліктік кезекшілікті қалай ұйымдастырады? Тілшіміз Қарлығаш Қасиетованың  бейнематериалында.

Жасыбай көлі – Баянауылға келетін туристер ең көп шоғырланатын орындардың бірі. Мұнда 50-ден астам демалыс орыны бар. Туристік маусым қызған кезде көл жағалауында күн сайын мыңдаған адам демалады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар министрлігі жағажайларды қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырып, құтқару бекеттерін кезең-кезеңімен күшейтіп келеді.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің м.а:

- Құтқарушылар әрдайым 24/7 қызмет көрсетуге дайын болулы керек. Ол үшін өздерінің де жағдайы, жоғары деңгейде қажетті заттардың бәрі болуы керек деген ойдамыз. Сондықтан да бұл жұмысты осымен тоқтатпаймыз, бұл жұмыстың әлі ортасындамыз. Көптеген әлі нысандарымызды жөндеуден өткіземіз. Қажет жерде тағы да ашатын боламыз. 

Жаңа нысанның  жанында арнайы техникаларға арналған анғар және бейнебақылау камералары орнатылған мұнара бар. Камералар құтқару бөлімшесінің басқару пультіне тікелей қосылған. Ал модульдік станцияның өзі мамандардың тәулік бойы кезекшілік атқаруына қажетті құралдармен жабдықталған.

Думан Қыдырмоллаев, ТЖД бастығының орынбасары:

- Мына көріп отырғандарыңыз қазіргі мониторда бізде мына жағалау бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Бейнебақылау камерасы бұл қазіргі заман талабына сай бұл жерден біз мына көрсеңіздер міне,  көк жолақпен көрсетілген мынау суға түсуге болатын аймақ егер одан асқан болатын болса қызыл жанып, адамға рұқсат етілген аймақтан шығып кеткені көрсетіледі.Ол жерде жоғарыда отырған құтқарушылар артқа қайтуын бұйыратын болады. 

Ең бастысы, құтқару станциясы су айдынына жақын орналасқан.  Бұған дейін мамандар шақырту түскенде  Баянауылдан жолға шығатын. Құтқарушылар енді кезекшілікті курорттық аймақтың басында атқарады.

Азамат Қожайбердиев, Баянауыл ауданы ТЖБ бастығы:

- Барлығы он адам, олар тәулікте кезекшілікке түседі. Күн сайын бізге хабарламалар түсіп тұрады азаматтардан көмек көрсету жайлы, қандай да төтенше жағдайларға әрекет ету бойынша, қандай да кеңес беру бойынша хабарламалар түсіп тұрады. Осы мақсатпен бізде аудан аумағында осындай үлкен іс-шара өткізіліп жатыр бүгінгі күні.  

Жаңа технологиялар мен қауіпсіздік шараларының күшейтілуін туристермен қатар жергілікті тұрғындар да қолдап отыр. Демалушылар үшін ерекше қорғалатын аумақта құтқару қызметінің болуы  маңызды дейді олар.

Қайрат Сарбасов, Баянауыл ауданының тұрғыны:

- Қаншама жағдайлар болып жатыр, суға кетіп,  өмірден өткен балаларымыз, жастарымыз да бар, сондықтан соның алдын алу мақсатында осындай жұмыстар істелініп жатқанына біз қуаныштымыз.

Модульдік станцияның іске қосылуы құтқарушылардың жұмысын жеделдетіп, төтенше жағдай кезінде қажетті көмекке барынша қысқа мерзімде жетуге мүмкіндік береді. Салтанатты рәсім соңында министрлік тарапынан құтқарушыларға жедел-құтқару көлігінің кілті табысталды. 

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Сондай-ақ оқыңыз: