Қостанайдың жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді
Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған ғимарат жаңа кейіпке енді.
Жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Мүгедектігі бар жандардың жүріп тұруы да жеңілдеді.
Мемлекет басшысының Қазақстанды еуразиялық көлік хабына айналдыру туралы тапсырмасынан кейін, елімізде ескі вокзалдар жаңғыртылып жатыр. Қостанай облысында да теміржол, әуе, автокөлік қатынасын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Президенттің тікелей тапсырмасына сай, Арқалық арқылы екі жол өтеді. Бұл Қызылорда, Жезқазған, Арқалық, екінші жол батыстағы 4 облысты байланыстратын Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарын орталықпен байланыстыратын үлкен жоба басталып кетті.
Көлік вице-министрі вокзалдарды жаңғырту қарқыны жағынан Қостанай облысы үздік үштікке кіретінін атап өтті. Өңірдегі жоспарланған 6 нысанның барлығы жөнделді. Бүгін осы Қостанай вокзалы да ел игілігіне берілді.
Бибігүл Ыбыраева, вокзал басшысы:
- Вокзал аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғайтылды. Мүгедектігі бар адамдарға, балаларға арналған жеке демалыс, ойын бөлмелері бар. Жоғары қабатқа көтеріліп түсетін жылжымалы баспалдақ, жеделсатымен жабдықталған. Қонақ үй кешені жұмыс істейді.
Қостанай тұрғындары да жаңарған вокзалдың бұрынғыдан артықшылығын байқап, риза болып жатты.
Мұхамеджан Жетпіспаев, қала тұрғыны:
- Қақпасы ғой осыдан ашылады, қалай екен Қостанай деп. Шынында керемет істеген темір жолдың вокзалы жаңарып жақсы болып жатыр. Құтты болсын.
Қазақстан бойынша 124 вокзалды жаңарту жоспарланған. Бүгінде соның 75-і жөнделіп, пайдалануға берілді.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, Сергей Хаймин