Қызылорда облысында тау-кен байыту комбинаты салынады
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды.
Бурабай-Жалғызағаш кенішіндегі инвестициялық жобаны қытайлық «Liaoning Hongda Group» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Мамандардың айтуынша, заманауи өндіріс ошағы өңір экономикасын дамытуға тың серпін береді. Құрылысты бастау рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен инвестор компания өкілдері қатысты.
Комбинат құрылысы аяқталып, іске қосылған кезде жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Өңір экономикасының дамуына серпін береді. Өңір басшысы маңызды жобаның Президент тапсырмасына сай жүзеге асқанын атап өтті.
Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:
- Ең бастысы, бұл жоба аясында жерлестеріміз үшін 550-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Бүгінде 250-ден астам жергілікті мамандар еңбек етіп жатқанын айтқым келеді. Ол деген тұрақты табыс халқымызға, жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Экономика үшін үлкен серпін болатынына сөзсіз. Одан бөлек, қаншама салық базасы ұлғаяды деп білеміз.
Жоба құны – 138 млрд теңге. Комбинат толық іске қосылғанда жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізаты мен 20 тонна күміс өндіреді. Ауқымды құрылыс бірнеше кезеңге бөлінген, ал өндіріс ошағының алғашқы кезеңі екі жылдан кейін пайдалануға беріледі.
Бауыржан Айтқұлов , Liaoning Hongda Group компаниясы директорының орынбасары:
- Жобамыздың ары қарай екінші сатысы бар, 2032-2033 жылдары біз металлургиялық завод салуды жоспарлап жатырмыз. Ол металлургиялық заводта 2 000-нан астам жұмысшылар жұмыс жасайды. Оның құны 1 млрд долларға дейін барады. Бурабай-Жалғызағаш және Талап екі кен орны бар. Екі кен орында екі байыту фабрикасын саламыз. Содан алған өнім концентрат ретінде сол металлургиялық заводқа барады. Содан біз 200 000 тоннадай таза металл аламыз, қорғасын және мырыш металын аламыз.
Айта кетейік, алдағы үш жылда өңірдің өнеркәсіп саласында жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл Сыр өңірінде 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев