Алтын іздеу – туризмнің жаңа түрі

Алтын іздеушілерге жеңілдікпен қатар жауапкершілік те жүктеліп отыр. Яғни салада жаңа тәртіп орнайды. 

Старательдер үшін тағы қандай өзгерістер бар? Осы заң қабылданып, күшіне енсе, кез келген адам старатель атануы мүмкін бе?

Ешқандай  шектеу жоқ. Барлығы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне сай болса болды. Ол үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Дегенмен шектеулер бар.

Алтынгүл Құрманғазы, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басқарма басшысы:
- Жер қойнауын пайдалану кодексіне сәйкес старательдік лицензияны тек қана Қазақстан Республикасы азаматтары алуы мүмкін. Сонымен қатар бүгінгі таңда жаңа өзгерістер енгізіліп жатыр. Ол старательдік қызметіне шет елдердің қызметшілерін тартуға тыйым салынады.

Жалпы заңды жолмен жұмыс істеудің өз тәртібі бар. Алдымен белгіленген учаскеде қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу керек.

Мұхтар Қазбеков, геолог:
- Старательдік қызметпен айналысқысы келген адамдар біз сияқты арнайы мекемелерге келеді. Біз ол учаскенің ешкімге тиесілі болмауын тексереміз. Себебі ол жер шаруа қожалығына тиесілі немесе арнайы қорғаудағы аймақ болуы мүмкін. Егер ондай болса, бізге жер иесі, старатель мен мемлекет арасында үш жақты келісімшартқа отыру керек. Ал ол учаскеде басқа старатель жұмыс істеп жатқан болса, басқа орын таңдауға кеңес береміз. Егер бос жер болса, үш жылға дейін сол аумақты пайдалануға рұқсат етіледі.

Алайда учаскеңізде жұмыс істеуге басқа адам бірінші өтініш беріп, иемденіп кетуі мүмкін. Сонымен қатар пайдаланылған учаскені қайта тапсырудың да жыры көп дейді мамандар. Себебі арнайы комиссия келіп, тексеріс жүргізуі керек. Әкімдіктегі басқарманың жүктемесі көп болғандықтан бұл ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Сонымен қатар алтынды заңды түрде өткізу де қиынның қиыны дейді мамандар. Аффинаж органдарына тапсыру үшін азаматтар бірнеше сатыдан тұратын тексерістен өтіп, қымбат металдың заңды түрде табылғанын дәлелдеуі керек. Көпшілік бума-бума құжат толтырудан қашып, қара старательдерге өткізеді дейді алтын іздеушілер. Сондықтан бұл процесті мейлінше оңтайландыруды сұрайды.

Сонымен қатар жаңа өзгерістер арқылы министрлік алтынды аймақтарда салалық туризмді де дамытуды көздеп отыр. Алайда ол үшін берілетін лицензияны бірнеше түрге бөлу керек дейді сарапшылар.

Мақсат Халық, экономист:

- Көптеген шетелдік тәжірибеде алтынды жуу арқылы туризмді дамыту мәселелері де бар. Сөз жоқ, бұл туристерді қызықтырады. Арттырады. Дей тұрғанмен меніңше, осы туризм мәселесіне арналған, алтын жуу мәселесіне берілетін лицензия мен коммерциялық бағыттағы лицензия екі түрлі қарастыру керек. Туризмге арналған, старательдерге арналған лицензия жеңіл болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені оның негізгі мақсаты – алтынды тауып, оны сату емес, ол жерге көбірек туристерді тарту.

Ал кей сарапшы белгіленген мөлшерге дейін лицензиясыз алтын өндіруге рұқсат беру арқылы мәселені шешуге болады деген пікірде.

Виталий Шуптар, тарихи-географиялық қауымдастық президенті:
-
Старательдік кәсіпке қызығатын туристер бар. Оларға арнайы лицензия алудың қажеті жоқ деп санаймын. Мәселен, жидек пен саңырауқұлақты белгілі бір мөлшерге дейін ешқандай рұқсат алмай-ақ теруге болады. Осындай механизмді неге қолданбасқа?

Сондай-ақ туризмді тарихпен байланыстыру арқылы да адамдарды қызықтыруға болады деген пікірлер де айтылып жүр.

Базарбек Қамысбаев, туризм сарапшысы:

-
Қазақстанда бірнеше «Алтын адам» табылды. Солар табылған жерлерде туристерге арналған қосымша көңіл көтеру, сервис, қызмет түрлерін ашуға болады. Яғни қазіргі туристер көп жағдайда алтын іздеу үшін емес, сол рөлді өздері сезініп көру үшін барады. Мысалы, сол заманның киімдерін киіп, сол жердегі лашықтарда тұрып, арнайы нұсқаушының көмегімен қолдарына елек алып, өзеннен алтынды елеу арқылы іздеп көрсе, бұл қызық формат болар еді. Осындай танымдық бағытта ғана дамытуға болады деп ойлаймын.

Дегенмен Қазақстанда шетелдіктерге старательдік қызметпен айналысуға тыйым салынғанын жоғарыда атап өттім. Сондықтан туризмнің бұл түрі тек отандастарымыздың арасында ғана танымал болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: