«Самұрық-Қазынаның» қолдауымен 10 инклюзия кабинеті ашылды

Ақтөбеде «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен 10 мектепте инклюзия кабинеті ашылды.

Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 600-ден астам оқушыға көмек көрсетіледі. Жаңа кабинеттердің бірі Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында жұмысын бастады. Айта кету керек, инклюзия кабинеттері жыл сайынғы Чэрити Самрук Марафон қайырымдылық марафоны аясында жиналған қаражат есебінен ашылды. Жалпы, соңғы 3 жылда Самұрық Қазына әлеуметтік корпоративтік жауапкершілік шеңберінде қайырымдылық бағытқа 850 млрд-тан астам қаражат бөлді.

Қонаев атындағы мектеп-гимназиядағы инклюзия кабинеті даму ерекшеліктері бар 96 оқушыны қабылдай алады. Мұнда балалармен дефектолог, логопед және психолог жұмыс істейді. Ал қыш шеберханасында оқушылардың шығармашылық қабілетін, қол моторикасын және өзін-өзі тану дағдыларын дамытуға мүмкіндік бар.

Сәуле Жанболатқызы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Бұған дейін балалар әр түрлі даму орталықтарына алыс жерлерге баратын. Бұл ата-ана үшін тиімсіздеу болды. Міне, енді өте тиімді жағдай қарастырылғаны үшін алғысым шексіз.

Емдік дене шынықтыру кабинеті де спорттық және өзге де қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Келер жылы педагогтер мен бейінді мамандар балалармен жұмыс істеуде заманауи әдістемелерді қолдану үшін оқып, біліктілігін арттырады.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз бұл бағыт бойынша та жүйелі жұмыстар атқарып жатырмыз. Қазақстан бойынша жалпы біздің қаржыландырумен 46 осындай инклюзия кабинет аштық. Одан басқа, Қазақстан бойынша 55 оңалту орталық іске қостық. Яғни біз толыққанды тең мүмкіндіктер қоғамымызды қалыптастырып жатырмыз.

Жалпы 2016 жылдан бері қайырымдылықтың бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры өңірде жалпы құны 5 млрд теңгеге жуық 32 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Қазір облыс орталығында қор қаржысына заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев

 

Сондай-ақ оқыңыз: