1,4 млрд теңге бөлінген: СҚО-да аяқталмаған құрылысқа қатысты екі адам тергеліп жатыр
Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Айыртау ауданындағы құрылыс жұмыстары кезінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Тергеу мәліметінше, 2017 жылы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Akcent KZ» ЖШС-мен «Сырымбет» кен орнына дейін теміржол кірме жолын, ішкі жол желісі мен инженерлік коммуникацияларды салу туралы келісімшарт жасасқан.
«Сырымбет» кен орнының өңір үшін стратегиялық маңызы бар. Бұл – Қазақстандағы жалғыз әрі Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны.
Мемлекеттік сатып алу келісімшартының жалпы құны 1,4 млрд теңге болған. Құрылыс жұмыстарын 2018 жылы аяқтау жоспарланғанымен, жоба мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алайда нысан құрылысы әлі аяқталмаған.
Нәтижесінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 млн теңгені құраған.
Қылмыстық іс бойынша мердігер компанияның басшысы мен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы күдікті деп танылды.
Сот санкциясымен күдіктілердің үш пәтері мен бір автотұрақ орнына тыйым салынды.
Тергеу жалғасып жатыр.