Павлодар облысы диқандары үшін биылғы маусым оңайға соқпады
Павлодар облысының диқандары үшін биылғы маусым оңай болған жоқ.
Жауын-шашынның аздығы алқаптағы дақылдарға салмақ салып, шаруаларды қуаңшылық жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр етті. Соған қарамастан егін орағы уақытында басталып, өнімді ысырапсыз жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе сапалы астықтың үлесі жоғары. Жалпы облыс бойынша 1,5 миллион гектар алқапқа егіс егілген. Қазір кейбір шаруа қожалықтарында күзгі егін жинау науқанының 70 пайызы орындалды.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Павлодар облысында егін орағы қарқынды жүріп жатыр. Қазір мінеки, өздеріңіз көріп тұрғандай, дала төсінде қаз-қатар тізілген комбайндар бидайды орып жатыр. Диқандардың айтуынша, қуаңшылыққа қарамастан, биылғы өнім жаман емес. Орта есеппен гектарына 10-15 центнерден өнім жиналуда.
Бұл Ертіс ауданындағы егістік алқабы. Павлодар облысының астықты өңірінде биыл егін бітік шықты. Өнімнің басым бөлігі – жоғары сапалы астық. Қамырлығы 27–28 пайызға жететін бидай «хай-про» санатына жатады. Мұндай сапалы астыққа ішкі нарықта ғана емес, шетелде де сұраныс жоғары.
Нұржан Усин, шаруа қожалығының басшысы:
- Биыл гектарынан орта есеппен 10-15 центнерден өнім алдық. Қуаңшылық болғанына қарамастан, жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Менің ойымша, биылғы өнімді жақсы деп бағалауға болады. Себебі қазір астықтың бағасы да қолайлы. Өткен жылы өнім жақсы болғанымен, баға әлдеқайда төмен еді. Ал биыл астық бағасы біршама жоғары. Сондықтан, меніңше, биыл нансыз қалмаймыз.
Шаруашылық 18 мың гектар алқапқа астық егеді. Шаруа қожалығының басшысы Нұржан Усиннің айтуынша, мемлекеттік қолдаусыз шаруаның ісін ілгерілету қиын. Жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай мен лизинг арқылы алынған жаңа буын ауыл шаруашылығы техникалары жұмыс өнімділігін арттырды. Аграрлық салаға жасанды интеллект технологиялары да енгізіле бастады.
Нұржан Усин, шаруа қожалығының басшысы:
- Арнайы бағдарлама арқылы жұмыс үдерісін бақылап отырамыз. Мысалы, бидайды ору кезінде артық шығын мен жанар-жағармайды ысырап етпеу үшін жүйені қолданамыз. AutoTrack жүйесі нақты деректер береді. Соның арқасында техниканың қозғалысын дәл бақылап, жұмысты іс жүзінде қателіксіз атқарып жатырмыз.
Цифрлық технологиялардың егіс алқабына енуі еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, жанар-жағармай мен техниканы тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығын жаңғыртудың бір бағыты. Ал өңірде егіс құрылымын өзгерту жұмысы да жалғасып келеді. Майлы дақылдардың көлемін арттыру арқылы шаруалар нарықтағы сұранысқа бейімделуге тырысуда.
Хамза Оразбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Павлодар облысы бойынша жалпы егін жинау алқабы 1 миллион 547 мың гектарды құрайды. Оның ішінде бидай алқабы 790 мың гектар болса, майлы дақылдардың алқабы 670 мың гектарды құрайды. Жылдан жылға біз әртараптандыру мәселесін жұмысымызға енгізіп жатырмыз. Үш жылдың ішінде осы майлы дақылдардың алқабы екі жүз мың гектардан асып, қосылып жатыр.
Бидаймен қатар өңірде көкөніс пен картоп жинау науқаны да қызу жүріп жатыр. Мал азығын дайындау ісі 80 процентке орындалды. Қуаңшылыққа қарамастан, Павлодар облысының диқандары биылғы науқанды жақсы нәтижемен қорытындыламақ. Сапалы астық, қолайлы баға және заманауи технология – шаруалардың басты үміті. Ауа райы қолайлы болса егін жинау науқаны белгіленген мерзімде толық аяқталады.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков