Бельгияда Қазақстан зығырына сұраныс жоғары

Еуропада Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныс жоғары. Мәселен, зығыр тұқымы Бельгияға экспортталып, сонда өңделеді. 

Ендігі мақсат – сыртқа шикізат сатумен шектелмей, дайын әрі қосылған құны жоғары өнімді елде шығару болып тұр. Ол үшін заманауи технологиялар тартып, Қазақстанда зығыр өңдеу өндірісін жандандыру көзделіп отыр. 

Бельгиядағы бұл отбасылық кәсіпорын зығыр өңдеумен XIX ғасырдың соңынан бері айналысып келеді. Мұнда зығыр тұқымынан май алып, сабын, бояу, сия және линолеум жасайды. Жыл сайын шамамен 120 мың тонна шикізат өңдейді. Кәсіпорын – зығырды Қазақстаннан ірі көлемде импорттайтын компаниялардың бірі.

Анри-Франсуа Вандепутте, компания директоры:

- Біз үшін тұқым құрамындағы май мөлшері өте маңызды. Қазақстандық өнімде оның көрсеткіші жоғары. Бұдан бөлек, сіздердегі зығыр Омега-3 май қышқылына бай. Сондықтан біз бұл шикізатты жоғары бағалаймыз.

Былтыр Қазақстаннан Бельгияға жеткізілген зығыр көлемі екі есе артты. Экспорт құны 164 млн долларға жетті. Осылайша, зығыр Қазақстаннан Бельгия нарығына шығарылатын негізгі экспорттық тауарлардың біріне айналды. Енді тараптар шикізат саудасымен шектелмей, бірлескен өндіріс ашу мүмкіндіктерін талқылап жатыр.

Қазақстан Республикасының, Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Әрине, компания бұл бастамаға қызығушылық танытып отыр. Өйткені өзара тиімді әріптестіктің әлеуеті зор. Дайын өнімді өңірде, оның ішінде Қытайға да экспорттауға мүмкіндік бар. Алайда мұндай маңызды шешім қабылдау үшін бірқатар мәселені жан-жақты пысықтау қажет.

Қазақстанда зығыр өңдеу, қосылған құны жоғары өнім шығару және шетелдік технология мен тәжірибені елімізге тарту мәселелері Бельгия Королі Филипптің Астанаға қазан айындағы мемлекеттік сапары кезінде кеңінен талқыланады. Бұл бастама екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық байланысты нығайта түседі. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Сондай-ақ оқыңыз: