Тазы – ұлттық мұра: Абай облысында саятшылық дәстүрі жаңғырып келеді

Саятшылықты серік етіп, тазы баптау -  атадан балаға жалғасқан дәстүр.

Ұлттық өнерге қызығатын жастардың қатары артып келеді. Абай облысында да бұл дәстүрдің тынысы кең. Тазы тұқымын көбейтіп, ұлттық құндылықты кейінгі ұрпаққа аманаттау мақсатында елде арнайы күн белгіленген. Тазы күні ұлттық өнерді ұлықтап, саятшылық дәстүрді дәріптеуге арналған маңызды мереке.

 Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Қазақ үшін тазы – жай ғана аңшылық ит емес, ұлттың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, жеті қазынаның бірі саналатын қасиетті жануар. Саятшылықта саңлақ тазы – аңшының сенімді серігі болса, бүгінде ол  ұлттық мұрамыздың ажырамас бөлігі. Оның тұқымын сақтау, дәріптеу және кейінгі ұрпаққа аманат ету – ұлттық құндылықты ұлықтаудың бір көрінісі.

 24 жастағы бородулихалық Сұлтан Уалиханов он үш жылдан бері тазы ұстайды. Тіпті оларға Құмай, Көкдауыл және Жусат деп ат беріп айдар тағыпты. Жас жігіт ата дәстүрге алтыншы сыныпта оқып жүрген кезде қызыққан. Қансонарда қырдың қызылын аңдыса, жаз шықса, жарыстарға қатысады.

 Сұлтан Уалиханов, саятшы:

- Тазы басқа иттерге қарағанда бөлек, қаны таза және кірпияз болып келеді. Тамақты ішкен кезде үстіне жұқпай, шашыратып жемейді. Кір ыдыстан берсең, оны да жемей қояды.Текті жануар да бір-біріне бет-алды қосыла бермейді. Бір-біріне қаны жататын тазылар ғана қосылады. Неше түрлі жарыстар да өткізіліп тұрады. Оның ішінде көрмелер де бар сыртқы стандарты дене тұрқына байланысты. Оған біз иттерді қалмай апарамыз. Одан бөлек қазір шырға тарту жарыстары жиі жүргізіліп жатыр.

 Сұлтанның шашаққұлақтары аңкөс қана емес, жарыстарда жүлденің алдын бермейтін жүйрік. Былтыр Сарықыз атты иті Финляндияда өткен халықаралық көрмеге қатысып, 2-ші орынға ие болды. Тазы баптауды бала күнінен бастағандардың бірі – сегізінші сынып оқушысы Әділжан Жеңіс. Бес жасынан құмай баптап жүрген жасөспірімді бұл іске әкесі баулыпты.

 Әділжан Жеңіс, жас аңшы:

- Менің 5-6 итім бар. Оның ішінде Шағала да бар. Шағала 2024 жылы жазда Астанада бірінші орын алған. Мен тазы ұстап қызығамын, өйткені мен аңшылыққа шығып, маған өте қызықты және ұнайды. Бұрынғы ата-бабамыз бұрыннан бері оны асырап, киіз үйіне кіргізіп, тамақ беріп баптады. Жеті қазынаның ішіне кіреді.

 Қазақтың дәстүрлі аңшылық мәдениетінде құмайдың орны ерекше. Тірерсегі тік, төсі төмен тазының жылдамдығы мен қырағылығы оның саятшылықтағы бәсін арттырады. Сондықтан бүгінгі жас буынның дәстүрге қызығушылық танытуы – ұлттық құндылықтардың заман талабына сай қайта жаңғырып келе жатқанының белгісі. Саятшылардың айтуынша, Семей қаласы мен оған іргелес аудандарда тазы асырауға қызығушылық танытқан жастардың саны жыл санап артып келеді.

 Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: