Қазақстанда қанша тазы бар?

Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақ тазысына арналған жаңа атаулы күн пайда болды. 3 қыркүйек Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы күні ретінде аталып өтеді. Бұл дата 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешім қабылдауына орай белгіленген, деп хабарлайды «24KZ».

 Шешім Амстердамда қабылданды. Тұқымға №372 халықаралық стандарт бекітіліп, Қазақстан оның шыққан елі ретінде танылды.

 Қазақ тазысы ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып, дәстүрлі аңшылықта пайдаланылған. Ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жұмыстары соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде қолға алынды.

 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жөнінде міндет қойды. 2023 жылы осы бағыттағы заңнамалық негіз қалыптастырылды.

 «Тазыны бүгінгі күнге жеткізген – оны ұрпақтан ұрпаққа сақтап келген аңшылардың, селекционерлердің, кинологтардың, ит иелері мен жанашыр азаматтардың еңбегі. Халықаралық деңгейде танылу – үлкен нәтиже. Бірақ біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Ең бастысы – тазының тұқымдық ерекшеліктерін, генетикалық қорын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу», – деді Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Қазақстанда қанша тазы бар?

Бүгінде Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымдық кітабында төрт мыңға жуық тазы тіркелген. Өңірлерде иттердің шығу тегі туралы мәліметтерді жинау, асыл тұқымдық есеп жүргізу және тұқымдық қасиеттерін сақтау жұмыстары жалғасуда.

Қазақ тазысын халықаралық деңгейде таныту жұмыстары да жалғасып келеді. 2025 жылы Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде тұқымның ресми таныстырылымы өтті. 2026 жылғы маусымда Болоньядағы World Dog Show көрмесіне Қазақстаннан 12 тазы қатысты.

Жетісуда ұлттық орталық салынып жатыр

 

Қазақы ит тұқымдарын сақтау бағытындағы жұмыстардың бірі – Жетісу облысында Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығының ғимаратын салу.

Құрылыс демеушілердің қолдауымен, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен жүргізіліп жатыр.

 Орталықта таза тұқымды иттерді ұстау және өсіру, олардың шығу тегін тіркеу, Бірыңғай тұқым-тегі кітабын жүргізу, сондай-ақ кинология саласындағы мамандарды даярлау көзделген. Мұнда сынақтар, көрмелер, байқаулар мен жарыстар да ұйымдастырылады.

 Биыл 20 ақпанда Үкімет қаулысымен Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі 2026–2036 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Құжат алдағы он жылда осы бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жалғастыруды көздейді.

 Қазақ тазысының FCI тарапынан алдын ала танылуы – жұмыстың соңғы кезеңі емес. Алда тұқымның тұрақтылығын бірнеше буын бойы бақылау, генетикалық алуандығын, денсаулығын және өзіне тән табиғи қасиеттерін сақтау міндеті тұр.

3 қыркүйек – қазақ тазысының халықаралық деңгейде танылғанын айғақтайтын ғана емес, ұлттық тұқымды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізудің маңызын еске салатын күн.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: