Қазақстанда мемлекеттік мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгереді
Қазақстанда мемлекеттік мектеп директорларын қызметке тағайындау тәртібі өзгереді, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа ережеге сәйкес, мектеп директорының лауазымы босаса, аудандық немесе қалалық білім бөлімі бес жұмыс күні ішінде конкурс өткізу туралы облыстық білім басқармасына өтініш жолдауы тиіс. Конкурс аяқталғанға дейін директордың міндетін орынбасары немесе педагог алты айға дейін атқара алады. Қажет болған жағдайда бұл мерзім тағы алты айға бір рет ұзартылуы мүмкін.
Сертификаттаудан Президенттік жастар кадр резервіне енгендер, Назарбаев Университетінің түлектері, «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегерлері және әлемдік QS, THE, ARWU рейтингтеріндегі үздік 100 университетті тәмамдағандар босатылады.
Қалған кандидаттар нормативтік-құқықтық актілер бойынша сертификаттаудан және қазақ тілінен тестілеуден өтеді. Мемлекеттік тілді білу деңгейі КАЗТЕСТ немесе QAZAQ RESMI TEST арқылы кемінде В1 болуы қажет.
Конкурста ең көп балл жинаған кандидат жеңімпаз атанады. Үміткерлер құжаттарын электронды немесе қағаз түрінде тапсыра алады.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептерге кадр резервіндегі мамандарды басым тәртіппен тағайындау қарастырылған.
Жаңа ережелер 6 қыркүйектен бастап күшіне енеді.