Мектептердегі тегін тамақ беру жүйесіне қойылатын талап қатаңдады
Жасөспірімдер арасында созылмалы аурулардың алдын алу үшін ас мәзірі түбегейлі жаңартылып, зиянды қоспалар мен тәтті сусындар мүлдем алынып тасталды. Есесіне, дәруменге бай тағамдардың үлесі артқан. Елордалық оқушылар жаңа оқу жылында қандай ас ішіп жүр?
Жаңа оқу жылында оқушылар жаңа ас мәзірімен тамақтанады. Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, мектептердегі ас мәзіріне өзгерістер енгізді. Биыл да балалардың денсаулығын жақсарту үшін пайдалы тағамдарға басымдық беріледі. Ал газдалған тәтті сусындар мен түрлі дәмдеуіштері бар тағамдар сөрелерден алынып тасталды.
Алтынай Мамедалиева, дәрігер:
- Қанттың мөлшері 5 есеге, тұздың мөлшері 3,6 есеге азайды. Мектептің сөрелерінде әртүрлі фаст-фудтар, пиццалар, шұжықтар, кремді бәліштер, газды сусындар сатылмайды. Мүлдем алынып тасталды. Тағамдарға майонез, кетчуп және зиянды қоспалар қосылмайды. Оның орнына балаларға жағдайда өсімдік тектес көкөністер, жеміс-жидектер, дәнеді-дақылдар қосылды.
Мұндай шешімге бүлдіршіндер арасында таралған түрлі аурулар түрткі болған. Дәрігерлердің айтуынша, жаңа ас мәзірі, қант диабеті мен семіздіктік секілді созылмалы аурулардың алдын алуға көмектеседі. Мәселен Астанадағы №89 мектеп-лицейінің асханасы да осы талаптарға сай жұмыс істейді. Біз аспаздің көмекшесінен бүгінгі ас мәзірін сұрап көрдік.
Эльмира Шәкіржанова, аспаздың көмекшісі:
- Бүгінгі ас мәзірінде бұршақ пьюресі, сосын тауық етінен жасалған котлет. Салатқа сәбіз бен қырыққабаттан жасалған және фасоль қосылған. Ал сусынға денсаулық напитогы. Алмадан жасалған.
Биыл жазда елордада 109 мектептің асханасы тексерілді. 27 білім ордасының санитарлық талаптар бұзылғаны анықталған. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті осы олқылықтарды жою туралы нұсқама берді.
Амангүл Әлкенова, Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
- Аталған мониторинг 2026-2027 оқу жылына білім беру ұйымдарының дайындығын қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзушылықтарын уақтында анықтау, сонымен қатар тәрбиеленушілер, білім алушылардың арасында жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жүргізілген болатын. Бүгінгі таңда нұсқамалардың барлығы 100% орындалды.
Биылдан бастап мектептердің тамақтану қызметтерінің ақысы тек «Әлеуметтік әмиян» арқылы төленеді. Ата-аналар баласының тегін тамақтанатынын растаған соң ғана цифрлық жүйеде төлем жүргізіледі. 2025–2026 оқу жылында осы жүйе арқылы 149 млн тегін ыстық тамақ берілді. 1,6 млн цифрлық ваучер бөлінген.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ғалымжан Абдылахат