Елде 18 жаңа студенттік жатақхана ашылады
Биыл жыл соңына дейін елде шамамен 7 мың орынға арналған 18 жаңа студенттік жатақхана ашылады. Оның екеуі Астанада салынды.
Қазақ ұлттық спорт университеті жанындағы жатақханалар 1,5 мыңнан астам студентті қабылдайды. Алматыда Халықаралық білім беру корпорациясының 339 орынға арналған жатақханасы да пайдалануға берілді. Қазір жеті нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, студенттерді орналастыруға көмектесу мақсатында Алматыда Ситуациялық және Дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Мұнда студенттер мен олардың ата-аналарына жатақханадан орын алу жолы, қажетті құжаттар және өтініш беру тәртібі түсіндіріледі.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Осыдан 5-6 жыл бұрын жатақханаларда 82,5 мың орын жетіспеді. Бүгінде тапшылықты 5 мыңға дейін қысқарттық. Проблема тек Алматы қаласында қалып отыр. Басқа өңірлерде мәселе жоқ. Бұған қарап қыруар жұмыс атқарылды деп айта аламын. Студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ете алмайтын жоғары оқу орындарын лицензиясынан айыруға дейін бара аламыз. Осы күнге дейін ережені елемегендерге айыппұл да салынды. Алдағы уақытта талап тек қатаңдай береді.
Елордадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа 2 жатақхана 1,5 мыңнан астам студентті қабылдаса, Еуразия ұлттық университетінде 7,5 мыңнан астам орын бар. Биыл студенттерге университеттің 8 жеке студенттер үйі, мемлекеттік-жекеменшік аясында салынған 3 жаңа кешен және серіктестік негізінде жұмыс істейтін 6 жекеменшік жатақхана ұсынылды. Орындарды бөлу кезінде әлеуметтік осал санаттағы жастарға, халықаралық және академиялық бағдарламалардың қатысушыларына басымдық берілді.