Ел шығысында таза қанды тазы көбейді

Ел шығысы – тазы үшін таптырмас мекен.  Еркін жүріп, аң аулауға қолайлы. Сондықтан мұндағы тазы тұқымы төзімді болады. Әлихан Байтықов сайын далада саятшылық құрғанды жақсы көреді.

Бір жолы «Қара жебе» атты тазысы салмағы 140 келі болатын қабан алған. Әлиханға алғашқы тазысын әкесі сыйлады. Кейін ағасы Бағлан оның қызығушылығын аңғарып, кәсіптің қыр-сырын үйреткен.

Әлихан Байтықов, итбегі:

- 9 жасымда ең алғашқы тазымды әкем Сағым атты тазымды сыйға берген еді. Сол 9 жасымнан қазірге дейін тазы баптап, босағамыздан, төрімізден тазы үзілмеді. Тазыларымызды Алмасай ауылында ұстаймыз. Осы тазы деген тұқым өзімнің атқа деген құштарлығымды арттырып, осы табиғат аясына шығарып, табиғатқа деген махаббатымды, атқа деген құштарлығымызды арттырды.

Бағлан Байтықовтың тазы асырағанына 40 жылға жуықтады. Қазір оның асыл тұқымды тазыларына Қазақстан мен Ресейдің кинологтары қызығушылық танытып отыр. Жуырда күшіктерін алуға Мәскеуден кинологтар келген. Тіпті италиялық ит асыраушылар да таза қанды тазыларды алғысы келеді. Бағлан күшіктерін көрші ауылдың балаларына сыйға тартқан. Себебі оның бұл әуестігі де кезінде біреу сыйлаған күшіктен басталған еді. Кейін ол өмірлік кәсібіне айналды.

Бағлан Байтықов, итбегі:

- Мен бала кезімнен ұстаймын, 4 сыныптан. Әлі күнге дейін ұстаймын. Жан-жаққа иттерді таза қанды болуы үшін жан-жақтан басқа қандарды әкеліп, қосып. Бұрынғы иттердің тұқымдарын, текті иттердің қандарын іздейміз, қосамыз. Айырбастаймыз иттерді. Жан-жаққа бердік. Көп күшіктерді бердік.

Кинологтар одағының мәліметінше, Қазақстанда ресми түрде 4 мыңнан астам тазы тіркелген. Ал ауылдардағы аңшыларда тазының саны одан да көп. Қазір нақты саны анықталып, құжаттары әзірленуде. Осылайша тазылардың шығу тегі жүйеленбек. Жүргізіліп жатқан зерттеулер ежелгі тұқымның генетикалық тұрғыдан бірегей екенін тағы да дәлелдеп отыр. Өйткені халықаралық көрмелердегі мамандар қазақы тазылардың қаны таза екенін растайды. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Роман Родионов 

Сондай-ақ оқыңыз: