Ақтөбелік оқу орны жеделсаты жөндейтін мамандарды даярлайды
Жеделсаты қай қала болмасын мәселеге айналғалы қашан? Бір есептен бұл салада маман тапшы. Ақтөбеде де сол. Жеделсаты орнататын, оны жөндейтін, күтіп ұстайтын қызмектер жоқтың қасы. Енді осы олқылықты колледж түзейді. Ақтөбелік оқу орны биыл 45 студентті лифт шаруашылығы бойынша оқытуға кірісті.
Бақытжан Кнесарин лифт шаруашылығы саласында 20 жылдан астам еңбек етеді. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлерде жеделсатылардың сапалы қызмет етуін қамтамассыз етеді. Соңғы жылдары лифт пен эскалаторды монтаждаумен де айналыса бастады. Айтуынша, білікті маман тапшы. Қажетті кадрды жанына ертіп жүріп, жұмыс кезінде үйретуге мәжбүр.
Бақытжан Кнесарин, лифт шаруашылығы компаниясының директоры:
- Вертикалды көліктердің қарапайым автокөліктерден айырмашылығы шамалы. Біз лифтпен қаладағы қоғамдық көліктерге қарағанда әлдеқайда көп жолаушы тасымалдаймыз. Шамамен 100-150 лифтке қызмет көрсетеміз. Бізде қазір үш лифтер істен шыққан бөліктерін жөндейтін үш механик қажет. Қалада біз сияқты 12 мекеменің барын ескерсек жылына орташа есеппен 50-60 адам қажет.
Бұл мәселе алдағы 2-3 жыл ішінде шешілуі тиіс. Биыл ашылған лифт шаруашылығы және эскалатор мамандығына 45 студент қабылданды. Тоғызыншы және он бірінші сыныпты тәмәмдаған түлектер алғашқы оқу күнінен бастап көтеру механизмдерімен танысып жүр.
Ерқосай Омар, колледж студенті:
- Бұл мамандық қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтың бірі. Және де осы мамандық қазіргі таңда тұрғын үйлерде, ғимараттарда осы эскалатор, лифт белсенді жұмыс атқарып отыр. Осы мамандықта өзімді сынап көргім келді.
Жаңа мамандықты оқытуға қажетті көрнекі құралдарды сатып алуға облыстық бюджеттен 125 млн теңге бөлінді. Тиісті кәсіптік-техникалық білім беретін оқытушылар даярланды.
Бақтыбай Мырзағарин , арнайы пәндер оқытушысы:
- Электр жабдықтарымен жұмыс жасаймыз. Яғни электр қозғалтқыштары, релелер, ажыратқыштар, басқару шкафтары немесе схемалармен электрлік. Одан келесі механикалық бағытта біз осы лифтты монтаждауды үйретеміз. Автоматтандыру бөлімі. Бұл бөлімде датчиктермен жұмыс жасаймыз негізінен. Яғни басқару нысандарымен. Оның ішінде датчиктерге байланысты ол ажыратып-қосылатын лифттің жұмысы бар. Жұмыс принципі бар. Сондықтан автоматтандыру саласын қамтиды.
Бұлбұл Күзембаева , облыстық Білім басқармасы басшысы:
- Техникалық-кәсіптік білім беру саласында ең негізгі мақсат ол өңірдің кадр қажеттілігін қамтамассыз ету. Яғни өңірге қажетті мамандарды сапалы дайындау. Біз бүгінгі таңда санына емес сапасына аса мән береміз. Биыл 5537 мемлекеттік тапсырыс бөлінді. 60пайызы жұмысшы мамандықтарға бөлініп отыр.
Облыс орталығында қазірдің өзінде мың жарымнан астам лифт бар. Құрылысы қарқынды Алтын Орда мен Есет батыр аудандарында жылына ондаған көпқабатты зәулім үй қолданысқа беріледі. Сондықтан биыл ашылған лифт шаруашылығы және эскалатор мамандығын тәмәмдаған түлектерге сұраныс артары анық.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов