Атаулы әлеуметтік көмек: Жаңа талаптар тек шын мұқтаждарға бағытталады

@enbekgovkz

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік қолдау шаралары толығымен жаңа жүйеге көшіп, көмек тек шынайы мұқтаж азаматтарға атаулы түрде көрсетіледі, деп хабарлайды «24KZ» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйеніп. 

Жаңа тәсілдің басты мақсаты – мемлекеттік ресурстарды қиын өмірлік жағдайға тап болған және шынымен қолдауға мұқтаж отбасыларға бағыттау. Осыған байланысты, алдағы уақытта әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі жіті тексерілетін болады.

 Атап айтқанда, әл-ауқат көрсеткіштері бойынша «А» және «Б» санатына жатқызылған отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік төлемдер берілмейді. Сонымен қатар, материалдық жағдайды шынайы бағалау үшін отбасының барлық кәмелетке толған мүшелерінің табысы есепке алынады. Ал табысы жоғары азаматтар мемлекеттік ресурстарды шынымен мұқтаж жандарға жеткізу үшін әлеуметтік қолдаудан өз еркімен бас тарта алады.

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

Жалпы ереже бойынша, АӘК отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы өңірлік кедейлік шегінен төмен болған жағдайда тағайындалады.

Көмек екі түрлі форматта жүзеге асады:

  • Шартсыз көмек – еңбекке қабілетсіз азаматтарға (зейнеткерлерге, І–ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға және еңбекке қабілетті мүшесі жоқ отбасыларға) беріледі.

  • Шартты көмек – еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына қатысып, мансап орталығымен жасалған әлеуметтік келісімшартты орындаған жағдайда тағайындалады.

Көмек мөлшері өңірлік кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде есептеледі. Бұдан бөлек, АӘК алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға қосымша 1,5 АЕК мөлшерінде кепілдік берілген төлем қарастырылған.

Егер табыс көлемі белгіленген шектен жоғары болса, отбасының материалдық жағдайын тексеруге қарсы шықса немесе еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, АӘК тағайындалмайды.

Қалай өтініш беруге болады?

 АӘК алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ауылдық округ әкіміне жүгінуге немесе eGov.kz порталы арқылы электронды түрде өтініш жолдауға болады. Ол үшін тек жеке басты куәландыратын құжат қажет, ал қалған мәліметтер мемлекеттік жүйелер арқылы автоматты түрде тексеріледі.

Сондай-ақ оқыңыз: