Ақмолада қос басшы заңсыз субсидия алған

Ақмола облысында қос басшы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, 50 млн теңгеден астам субсидия алған. Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірдегі департаменті прокуратураның үйлестіруімен мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

57 асыл тұқымды бұқа бар деген жалған мәліметтің негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған. Кейін осы деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның салдарынан тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған.

Ернар Тайжан, Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу деректеріне қарағанда, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны заңсыз алуды ұйымдастырған. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Сондай-ақ оқыңыз: