Қазақстанда кафе саны күрт артты: қай қала көш бастап тұр?
Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарының саны артып келеді. 2025 жылы елімізде 19 588 нысан тіркелді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға көп, деп хабарлайды «24KZ».
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2024 жылы бұл көрсеткіш 16 674 болған. Яғни, бір жыл ішінде қоғамдық тамақтану нысандарының жалпы саны 2 914-ке артқан.
Ең көп нысан Алматы мен Астанада орналасқан. Алматыда 3 522 қоғамдық тамақтану орны бар. Елордада олардың саны 2 761-ге жетсе, Қарағанды облысында 1 275 нысан тіркелген.
Мейрамханалар саны да өскен. 2025 жылы олардың саны 3 024-ке жетті. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 666-ға көп.
Мейрамханалар бойынша Астана алда. Елордада 654 мейрамхана бар. Алматыда — 602, Батыс Қазақстан облысында — 248.
Асханалар саны 5 940-қа жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 5 618 болған. Өсім — 5,7%.
Кафелер саны бойынша да өсім байқалады. 2024 жылы елімізде 5 202 кафе болса, былтыр олардың саны 5 987-ге жеткен. Бұл 15,1%-ға артық.
Кафелердің басым бөлігі Алматыда шоғырланған — 1 036 нысан. Астанада 809, Қарағанды облысында 485 кафе жұмыс істейді.
Ал жалпы тамақтану және сусындар ұсыну саласындағы көрсетілген қызметтердің көлемі 2025 жылы 2,1 трлн теңгені құраған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз